Өзбекстанның Қашқадария облысы Яккабаг ауданы әкімінің орынбасары Мансур Туймаевқа қызметін асыра пайдаланды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды, деп жазады Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
20 шілдеде Яккабаг ауданының жергілікті кәсіпкері Бахриддин Исомов екіқабатты дүкенін сүруге бұйрық берген әкім орынбасары Мансур Туймаевтың үстіне бензин шашып, өрт қойған. Кәсіпкер несиеге тұрғызған дүкенін өтемақысыз сүруіне қарсы болған.
Осы оқиғадан кейін Яккабаг ауданы әкімі Шохмурод Донаев пен аудан прокуроры Жамшид Халилов қызметінен алынды.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Қашкадария облысының әкімі Зафар Рузиев Яккабаг ауданына барып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізген. Әкім жартылай сүрілген кәсіпкердің дүкенін қайта жөндеп беруге уәде берген.
Еске сала кетейік, бұған дейін бульдозермен келген аудан әкімінің орынбасарын кәсіпкер өртеп жібергенін жазған болатынбыз.