2 тамызда осыдан 31 жыл бұрын АҚШ пен Ресей қол қойған ядролық келісімнің күші жойылды. 1987 жылы совет үкіметі мен АҚШ радиусы 500-5500 шақырым болатын баллистикалық және қанатты зымырандарды құрастырмауға өзара келіскен еді, деп хабарлайды Азаттық.
Келісімге сол кездегі АҚШ президенті Рональд Рейган мен Совет одағының жетекшісі Михаил Горбачев қол қойып, 1988 жылы келісім күшіне енген.
Сарапшылар бұл келісімнің жойылуы Ресей мен АҚШ арасындағы қарулану бәсекесін күшейтеді деп қауіптенеді.
БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гутерриш 1 тамызда келісім тоқтағаннан кейін әлем «ядролық соғысқа төтеп беретін баға жетпес қорғанысынан айрылады» деп мәлімдеген.
«Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою» және одан кейін қол қойылған «Стратегиялық шабуылға қарулануды шектеу келісімі» әлемдегі ядролық державалардың қарулану жарысуын шектейтін негізгі құжат болып келген. Соңғы аталған келісімнің жарамдылық мерзімі 2021 жылы аяқталады. Оған дейін АҚШ пен Ресейдің оны ұзарту мүмкіндігі бар.
Келісімге сәйкес, екі тарап ядролық оқтұмсықтардың санын алдағы жеті жыл ішінде - 1550-ге дейін, құрлықтағы, теңіздегі және әуедегі баллистикалық зымырандар санын 700-ге дейін азайтуы тиіс болған.
Зымыран туралы келісім күшінің жойылуына Вашингтон мен Мәскеудің бір-бірін «келісім-шартты бұзды» деп айыптауы себеп болған. Бұған дейін АҚШ пен НАТО ресейлік 9М729 «Новатор» қанатты зымыраны (SSC-8 деп те атайды) келісімде көрсетілген шектен алысқа ұшады деп Мәскеуді бірнеше рет айыптаған. Ресей мұны терістеп, келісім шарттарын АҚШ-тың өзі бұзып отыр деп мәлімдеген. Вашингтон бұл айыпты жоққа шығарған.