Қашқадария, Ферғана және Хорезм облыстарының басшылары президент Шавкат Мирзияевтің сынынан кейін халықтан кешірім сұрады, деп жазады Азаттық.
Үш әкімнің халықтан кешірім сұраған видеолары әлеуметтік желіде тарады.
Ферғана облысының басшысы Шухрат Ганиев Риштан ауданының тұрғындарымен кездесіп, бұл ауданда баспаналар заңсыз сүрілгенін мойындап, халықтан кешірім сұрады. Ол ауданда үйлерді заңсыз сүруге қатысы бар 14 қызметкер жұмыстан алынғанын айтты.
Ферғана облысы басшысынан соң Қашқадария аймағының әкімі Зафар Рузиев та халықтан кешірім сұрады.
«Яккабаг ауданында болған жайтқа облыс және аудан әкімшілігі кінәлі. Үкіметтен, мемлекеттен, халқымнан, журналистерден, кәсіпкерлерден мың мәрте кешірім сұраймын» деді Зафар Рузиев.
20 шілдеде Яккабаг ауданында кәсіпкер аудан әкімінің орынбасары Мансур Туймаевті бензинмен өртемек болған. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, кәсіпкер осы арқылы кредитке салған екі қабатты дүкені мен цехін сүруден қорғамақ болған. Ал әкім орынбасары бұл ғимаратты өз бетінше сүріп тастамақ болған. Осы оқиғадан кейін аудан әкімі Шохмурол Донаев қызметінен кетіп, Мансур Туймаевтің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Хорезм облысының басшысы Фарход Эрманов та Өзбекстан халқынан кешірім сұрап, алдағы уақытта барлық шешімді халықтың рұқсатымен қабылдайтынын айтты.
«Сіздердің қиналғандарыңыз – біздің кінәміз. Бұл жағдайда мен кінәлімін. Бұл істе жоспармен бастағанда, бәрін есептеп алғанда, сіздермен ақылдасқанда жағдай ушықпас еді. Алдарыңызда тұрып, кешірім сұраймын» деді Эрманов.
Шілденің 26-сынан 27-сіне ауған түні Хорезм облысы Үргенші ауданында үйлері сүрілген мыңдаған тұрғын жолды жауып, биліктен өтемақы талап еткен. Үйсіз қалған 400-ден астам тұрғын бірнеше ай бойы қолдан күрке жасап, сонда күнелткен. 27 шілдеде Үргеншіге Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов келген. Ертесінде үйлері сүрілген тұрғындарға өтемақы берілген.