$ 494.87  520.65  4.91

«Қаржы полициясының қызметкерлері адвокаттың тісін сындырған»:  Бас прокуратураға арыз түсті

Мамыр айының соңында адвокат Абдурахмонзодаға «алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Сотта оны 15 адвокат қорғайды.
Фото: ASIA-plus
Фото: ASIA-plus

Тәжікстан бас прокуратурасы Душанбе қалалық прокуратурасына адвокат Абдулазиз Абдурахмонзоданың арызын қарауды тапсырды. Адвокат өзіне қарсы күш қолданғаны туралы арызданған, деп жазады Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

Тәжікстан адвокаттар одағының мүшесі Абдулазиз Абдурахмонзода Жемқорлықпен күрес және қаржы бақылауы жөніндегі агенттіктің шұғыл әрекет ету қызметкерлері өзін заңсыз ұстап, азаптағанын мәлімдеді. Олар адвокаттан Варзоб аудандық сотының қызметкеріне қарсы куәлік етуін талап еткен. Бұл туралы «Адам құқықтарын қорғау жөніндегі тәуелсіз орталық» хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, 2019 жылы 9 сәуірде Варзоб аудандық соты ғимаратының алдында Саидмурод Саидов одан азаматтық іс бойынша заң көмегін көрсетуін сұраған. 

«Ауызша келісіммен, 1500 сомониге (шамамен 150 доллар) қажетті құжаттарды жинап, алғашқы сот инстанциясында адвокат ретінде қатысуға, ал 5000 сомониге сот шешімі шыққанша көмек беруге келістім», - деді адвокат.

17 сәуірде Саидмурод Саидов адвокаттың Душанбедегі кеңсесіне заң көмегін көрсету туралы келісім жасау үшін келген. Ол 500 доллар әкелген. 

«Мен одан долларды кеңсе маңындағы банктен айырбастауын сұрадым. Келісімнің алғашқы бөлімін алған Саидов кеңседен асығыс шығып кетті. Сол кезде шамамен 20-25 адам баса-көктеп кіріп келді», - деді адвокат.

Абдулазиз Абдурахмонзоданың айтуынша, қаржы полициясының қызметкерлері оның тісін сындырып, аяусыз ұрған. Одан соң олар адвокатты 500 долларды Варзоб аудандық сотының қызметкері Шахзод Нурализодаға беру үшін алдым деп айтқызған. Дегенмен қаржы полициясының бұл операциясы сәтсіз аяқталды. Нурализода ешкімнен ақша сұрамағанын айтып, кеңседен шығып кеткен.

Мамыр айының соңында адвокат Абдурахмонзодаға «алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Сотта оны 15 адвокат қорғайды. Адвокаттар тобын Тәжікстан адвокаттары одағының төрағасы Саидбек Нуриддинов басқарады.

Қаржы полициясы бұл іске қатысты түсінік беруден бас тартты.

Бұл уақытта, Абдурахмонзоданың қорғаушылары Бас прокуратурадан қаржы полициясының қызметкерлеріне қарсы «азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғауын сұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары