Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов Каспий маңы елдерінің ғалымдары жұмыс істейтін «Каспийдің инновациялық қаласы» орталығын салуды ұсынды. Ол бұл жайында Түркіменстандағы бірінші Каспий экономикалық форумында мәлімдеді, деп жазады Sputniknews.kz РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Түркіменстан басшысы БАҚ-та қазасы туралы хабар тарағалы бері алғаш рет ірі қоғамдық шараға қатысты. Ол форумда Каспий өңірінің логистикалық орталығын құруды ұсынып, өңір елдерінің заманауи порттық инфрақұрылым салуы қажеттігін айтты.
«Каспий өңірінің логистикалық орталығын құру туралы идеяға қайта оралғым келеді. Бұл құрылым Азия мен Еуропаны байланыстыратын жаңа транзиттік-көліктік дәліздерді тиімді пайдаланудағы біздің ортақ қызметімізді үйлестіретін болады», - деді ол.
Бірінші Каспий экономикалық форумы Түркіменстандағы Аваза демалыс орнында өтіп жатыр. Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстан мемлекет басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойғаннан кейін бір жыл өткен соң бес елдің делегациясы қайта бас қосты.
Қазақстан делегациясын премьер-министр Асқар Мамин бастап барған.