Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевқа тағылған айыптардың саны 14-ке жетті. Бұл туралы 15 тамызда Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев хабарлады.
«Кой-Таштағы жер телімі бойынша екі іс қозғалғаны туралы естідік. Бірі – жалға берілген жер, екіншісі – жекеменшік жер, деп жазады Азаттық.
Айып тағылған туралы анықтама тапсырған сәтте Атамбаевтың жанында болдым. Ол куәлік етуден және анықтама алғаны туралы қағазға қол қоюдан бас тартып отыр» деді Слесарев.
8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Кой-Ташта жүргізген екінші операциядан кейін елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады.
7 тамызда болған алғашқы операция сәтсіз аяқталған еді. Операция салдарынан туындаған тәртіпсіздік кезінде ондаған адам жараланды, бір адам қаза тапты. 8 тамыз күнгі жанжал кезінде де бірнеше адам жараланған. Олардың төртеуі - полицей.