Англияның Тинмут қаласында жаңа босанған әйел жүктілік кезінде ауырсынуды басатын дәрі қабылдап жүрген. Бұл дәрі жаңа туған нәрестенің өліміне себепші болуы мүмкін, деп хабарлады BAQ.KZ ақпараттық порталы Metro таблоидына сілтеме жасап.
19 тамызда сот процесі кезінде былтыр 30 қыркүйекте туғанына 5 күн ғана болған нәресте анасы қабылдап жүрген анальгетиктің кесірінен шетінеп кеткен болуы мүмкін деген қорытынды шығарылды. Жүктілік кезінде әйел дәрігерлерлің нұсқауымен бел ауруын бәсеңдету үшін «Трамадол» дәрі-дәрмегін қабылдап жүрген.
Анасының сөзінше, ол ауырсынуды басатын дәріні ішкеннен кейін бала емізуді тоқтатпақшы болған. Алайда, дәрігерлер препаратты ішуге ешқандай қарсы көрсетілімі жоқ деп сендірген. Педиатр Питер Флеминг (Peter Fleming) аталмыш істің материалдарын қарап шығып, «Трамадол» дәрі-дәрмегінің – жаңадан шыққан препарат екенін, сондай-ақ ол емізетін әйелдің сүтіне түсетінін және жаңа туған нәрестеге қауіп төндіретінін атап өтті.
«Баланың өліміне «Трамадол» себепші болды деп есептеймін. Жүктілік кезінде бұл дәріні қабылдамаған дұрыс», - деді профессор Флеминг.
Сот-медициналық сарапшы Иэн Эрроудың (Ian Arrow) айтуынша, баланың өлімі «кенеттен» болған. Ол Флемингтің жасаған қорытындысын нәресте дүниеге келген перзентханаға жеткізетініне уәде етті.
Аталған іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда.