Минск қаласының Михаил есімді тұрғыны үйінің балконынан ерекше тіршілік иесін байқаған. Cодан ол дереу телефонын алып келіп, оны суретке де, видеоға да түсіріп үлгереді. «Басында оны колибри деп ойладым. Сосын колибридің түрі мұндай еместігі есіме түсті», – дейді жігіт.
Qamshy.kz-тің жазуынша, Михаил бұл тіршілік иесі туралы ғаламтордан іздеп, оның көбелектердің жынды көбелек тұқымына жататынын анықтаған.
«Жынды көбелекті бұрын да көретінмін, көргенмін. Бірақ тұмсығы ұзынын ешқашан байқамаппын», – деп таң қалды Михаил.
Ғылым академиясының ғылыми-тәжірибелік орталығы қорық ісі бөлімінің қызметкері Екатерина Сетракова оның жынды көбелек тұқымына жататынын растаған.
«Көбелек ұшып жүргендіктен, қанатындағы суреті анық көрінбейді. Алайда оның жынды көбелектің бір түрі екені – 90%», – дейді маман. Оның сөзіне қарағанда, бұл – Беларусь елінде жиі кездесетін тіршілік иесі.
«Көбелектің бұл түрі көпшіліктің көзіне түсе бермейді. Сондықтан оны алғаш көрген адамдардың бәрі де дәл осылай таң қалып жатады. Оны бүкіл Беларусьтан кездестіруге болады. Бірақ кез келген жанның жолы бола бермейді. Бұл тіршілік иесін бірден байқау қиын. Көбелектің түсі тым ашық. Өзге жынды көбелектермен салыстырғанда, көлемі де кішкентай. Колибри сияқты қимылдайды. Гүлдерге қонбайды. Өзін анықтап қарауға мүмкіндік бермейді», – дейді маман.