Археологтар Перудан Лима қаласының солтүстігінде 227 баланың мәйіті бар қабірді тапты. Олардың бәрі – құрбан болған балалардың мәйіті, деп жазады stan.kz.
«Балалар чима мәдениетінің құдайларына құрбандыққа шалынған», – деді археолог Ферен Кастильо.
Ғалымдардың айтуынша, қазіргі уақытта бұл – әлемдегі балалар жерленген ең үлкен орын. Олардың жасы – 4-тен 14 жасқа дейін. Болжам бойынша, барлық қалдықтар табылған жоқ, мәйіттер әлдеқайда көп болуы мүмкін.
«Балалар жерленген бұл орын бақылауда емес. Біз қайдан қазсақ та, бір мәйіт табамыз», – деді Кастильо.
Наурызда Трухильо ұлттық университетінің ғалымдары Перудің солтүстігінде XV ғасырда салт-дәстүр бойынша құрбандық шалу кезінде жаппай өлтірілген балалар мен жануарлардың қабірінің табылғаны туралы мәліметтер жариялады.
2011 жылдан 2016 жылға дейін жүргізілген қазба жұмыстары кезінде шамамен 700 шаршы метр аумақта 140-тан астам баланың және 200-ден астам ламаның немесе альпаканың қалдықтары табылды. Балалардың арасында 5 пен 14 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар болды.