Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваков Киевте «көпірді жарам» деп қоқан-лоқы көрсеткен ер адамды полицияның ұстағанын хабарлады www.azattyq.org.
Киев полициясының хабарлауынша, қаладағы «Метро» көпіріне көлікпен барған ер адам айналасына оқ атып, «көпірді жарам» деп қорқытқан. Бұл маңда полиция арнайы операция жүргізген.
«Белгісіз ер адам «Метро» көпіріндегі жолды жауып, көпір мен мемлекеттік мекемені жарам деп қорқытты» делінген қалалық полиция хабарламасында.
«Украинская правда» басылымының жазуынша, ер адамның аты-жөні анықталған. Ол Қырымда туған әскери қызметкер. Соңғы кезде Киев облысында жұмыс істеген. Өз бетімен әскери бөлімді тастап кетіп, қызметінен қуылған.
Тергеушілер оқиғаны «теракті ұйымдастыру талпынысы» ретінде қарастырып жатыр.
18 қыркүйекте таңертең Киев метрополитені метроның төрт станциясына мина қойылғаны туралы белгісіз біреулерден хабарлама алғанын мәлімдеген.