Жер ғаламшарындағы халық саны – 7 736 003 700 (19.09.2019). Адам санының артуы соңғы ширек ғасырда керемет қарқын алған. Ал адамның негізгі байланыстырушы құралы – тіл, керісінше, кеміп келеді, деп жазады massaget.kz.
Байырғы халықтар мәселесіне арналған тұрақты форумның 15-ші сессиясында әр 2 апта сайын әлемде 1 тіл ұмытылатыны мәлімделген. Форум барысында оқылған баяндамалардың бірінде қазір әлемде 6 700 тіл бар екені айтылды. Оның 96 пайызын әлем тұрғындарының 3 пайызы ғана қолданады. Жойылу қаупі төнген тілдердің дені байырғы халықтарға тиесілі.
Сарапшылардың пікірінше, байырғы халықтардың жойылуы және олардың мәдениеті құрып бара жатқаны отарлау салдарынан болды. Сонымен қатар, мәселені жаһандану, басым түскен мәдениет пен тілдер ушықтыра түскен.
Ғалымдар 2100 жылға дейін әлемде 3500-дей тіл қолданыстан шығады деп отыр. Оған әлемде өз тілінде сөйлеуші халықтың өзі құрып, жойылып жатқаны себеп.
Тілдердің жойылып кетуіне дәлел ретінде Австралиядағы жағдайды алып көрейік. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл құрлықта 400-ден астам тіл болған. Бірақ, қазір тек қана 25-тей тіл сақталған. Ал Африкада 1400 тілдің 600-ге жуығы жоғалып кету қаупінде тұр. Солтүстік Шығыс Азияда орыс тілінің ықпал етуінен 47 тілдің ішінде тек 6 тіл ғана сақталған. Ал Тайваньда қытай тілінің көп қолданылуынан 23 тіл құрып кеткен. Камерун елінде 1995 жылы 5 қараша күні касаба тілі өлді деп жарияланды. Өйткені, сол жердегі Момбила ауданында тұратын Богон есімді азамат қарашаның 4-і күні дүние салған. Ал ол адам сол касаба тілінде сөйлеуші соңғы адам болған.
Жоғалып бара жатқан тілдер қатарына кет тілі кіреді. Ол тілде бар-жоғы 200-дей ғана адам сөйлейді. Кет тілі Сібір жазығында сақталған ауылдарда ғана қолданылады. Ал ауған еліндегі тирахи тілінде сөйлейтін 70-ақ адам қалған.
Дүниежүзінде 100 миллионнан астам қолданушысы бар 8 тіл тірі және керемет қарқынмен дамып жатыр. Олар – қытай, испан, ағылшын, бенгал, хинди, португал, орыс және жапон тілдері.