$ 443.37  474.49  4.83

Құдаймен «бизнес серіктес» болған Салах: оның жаназасына миллионға жуық адам жиналған

Бірнеше жылдан соң компаниядағы өзінің үлесін толығымен Құдайға өткізеді! Иә, иә, өз үлесін 100% Құдайға береді де өзі қарапайым жұмысшы ретінде айлық алып, Құдайға жұмыс істейді.
фото: yenisafak.com
фото: yenisafak.com

Бұл әңгімені ерте көктемде Астананың (Астана кезінде) түтіні қою, шәйі ыстық бір ресторанында Самат Мұсабаев ағам айтып берген еді. Кейін гуглды ақтарып отырып, мән-жайға жақсылап қанығып алдым. Әлбетте, Сіздер де біле жүрсін деп бөлісіп отырмын:

Салах Атыя – Египеттегі Тафахналь Ашраф (Дакахлия провинциясы) деген кішкентай ғана елді мекенде туып-өскен қарапайым ғана жігіт. Сіңірі шыққан кедей отбасы, бақытсыздау балалық шақ... Әкесі Салахқа үнемі екі өлшем үлкен киімдер алатын. Өйткені, жыл сайын жаңа киім алуға қаражат жоқ-тын.

Салах есейіп, мамандық игеріп, өмірге араласса да ісі оңға баса қоймайды. Сөйтіп ұнжырғасы түсіп, салы суға кетіп жүрген күндердің бірінде курстас жігіттерін жолықтырады. Олардың да жағдайы мәз емес, жіптері күрмеуге келмей жүрген көрінеді. Өткен-кеткен, бүгін, болашақ туралы біраз әңгіме соққан жігіттер ақыры бір шешімге тоқтайды: «біріксек, жеңеміз». Білім бар, жігер бар, күш бар, азын-аулақ қаржымызды қосып, жаңа іс бастаймыз!

Тоғыз жігіт: бір курстың түлектері, көптен ым-жымдары бір, талай қызық пен қиындықтан бірге өткен адамдар. Мақсат айқын: шағын құс фермасын ашу.
Бастапқы қаражат үшін 2000 египет фунты қажет еді, тоғызы 200 фунттан ортаға салады, ал соңғы 200-ді қосар оныншы серіктес жоқ еді... Іс тағы да тығырыққа тірелгендей болады.

Келесі күні Салах достарына мынадай ұсыныс айтады: «Жігіттер, мен оныншы серіктесті таптым. Ол – Құдай! Қазір бәріміз Оның жарнасын, яғни, жетпей тұрған 200 фунтты бөліп төлейміз. Ал түскен пайданың 10%-ын Оның өз жолына жұмсаймыз! Жаңа басталған іске береке бұйырту, әрі қамқорлық жасау – Оның жұмысы!».

Жігіттер бірден келіседі, опыр-топыр жұмыс басталып та кетеді.
Әп дегеннен-ақ іс дөңгелей жөнеледі, құжаттар кідірмейді, тауарлар дайын тұрады, көлік пен тасымал да өзінен өзі қиюласа жөнеледі. Нәтижесінде, бірінші жылдың өзінде-ақ жігіттер пайдаға шығады. Бұл таңғаларлық нәтиже еді.

Салах жігіттерді жинап, пайданы бөліске салады. Әлбетте, он пайызы – Құдайдікі. Оған жігіттер тиіспейді және келер жылы Құдайдың үлесін 20%-ға арттыруға уағдаласады.

Бизнес тым жоғары қарқынмен алға басады. Бір жыл ішінде жолға қойылған жүйемен сартылдап айналып жатыр. Тіпті, ойламаған жақтардан тапсырыстар түсіп, жігіттер бизнесті кеңіте бастайды...

Ұлғайған бизнеспен бірге Құдайдың үлесі де үлкейе бастайды, бірнеше жылдан соң жігіттер тапқан табыстарының тура тең жартысын, яғни 50%-ын Құдайдың «шотына» аударып отырады.

Әрине, Құдайға ақшаның не керегі бар? Салах бастаған жігіттер Құдайдың үлесіндегі ақшаға ауылдан мектеп салады. Иә, бірінші ұлдарға арналған бастауыш мектеп, келер жылы қыздарға арналған бастауыш мектеп, ал, оның келесі жылы аядай ғана ауылдан жалпы орта білім беретін үлкен мектеп бой көтереді.

Бір қызығы, Құдайдың үлесі көбейген сайын пайда да еселеп көбейіп отырды. Күнбе-күн молайып келе жатқан қаржыны есептеу мен басқару үшін арнайы қор құру қажет болды. Бір күні жігіттер «ауылдан университет салайық» деген бастама көтерді.

Бірақ, бұл бастаманы министрлік қолдамайды. Себебі, ауылда темір жол жоқ еді... Құдай қолдап, бұл мәселе де оң шешім тапты. Ауыл тұрғындары мемлекетке «темір жолды да, университетті де өзіміз саламыз, бізге тек рұқсатыңды бер» деген өтініш жолдайды. Бұл жолы мемлекет рұқсат етеді.
Осылайша, аз уақыттың ішінде Египеттің шалғай бір түкпірінен алты факультеті, 600 орындық қыздарға, 1000 орындық жігіттерге арналған жатақханасымен нән университет ашылады. Темір жол келген соң қатынас мәселесі де жолға қойылады. Тіпті, студенттерге жолақысын тегін етеді.
Бұған қоса, ауылда түрлі бағытта әлеуметтік қолдау жұмыстары дамиды. Жағдайы төмен жандарға көмек көрсетіледі, кедейлік жойылады. Жұрттың бәріне жұмыс беріледі, ауылда жұмыссыздық жойылады. Жетім өскен жігіттер үйленерде, қыздар тұрмысқа шығарда міндетті түрде қаржылай көмек көрсетілетін болады.

Өнімнің көп бөлігі сыртқа шығарылды, қалғанын ауыл тұрғындарының қажетіне берді. Бизнес өркендеген үстіне өркендеп, бір кездегі 2000 фунттық шағын бизнестен айналымы миллиондаған фунтты құрайтын алып корпорацияға айналады.

Ал Салах болса, бірнеше жылдан соң компаниядағы өзінің үлесін толығымен Құдайға өткізеді! Иә, иә, өз үлесін 100% Құдайға береді де өзі қарапайым жұмысшы ретінде айлық алып, Құдайға жұмыс істейді...

Сол Салах өткен жылы қаңтарда 70-тен аса бере өмірден өтті дейді. Өмір бойы тапқан табысының жартысын, әлде одан да көп бөлігін арнаған «Бизнестегі Серіктесі» оған қандай сый бергені Салахқа ғана аян. Бізге белгілісі, Салах Атыяның жаназасына миллионға жуық адам жиылып, сапқа тұрады. Өлген соң солай өлу керек қой!

Ал оның дәл осындай Адам болғаны, дәл осындай бизнес құрғаны, оның табысының сыры тек Салах Атыя өлген соң ғана ашылады.

Алмас АЛТАЙ
facebook парақшасынан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары