Ирактың түрлі аймағына жайылған жемқорлық пен жұмыссыздықтың жойылуын талап еткен шерулер кезінде кемінде 28 адам қаза тапты. Associated Press агенттігі 3 қазанда кешкісін 33 адамның қаза тауып, жүздеген адамның жараланғанын хабарлады деп жазады azattyq.org.
Қаза тапқандардың басым бөлігі бейбіт тұрғындар.
Полиция шерушілерге көзден жас ағызатын газ шашып, оқ атып, көшеден қуды. Ирак астанасы Бағдадта коменданттық сағат енгізілді. Елдің басым бөлігінде әлеуметтік желілер жабылып, интернетке шектеу қойылды.
Үкіметке қарсы шерулер екі күн бұрын басталған. Бағдат және елдің өзге қалаларында шерушілер жемқорлық пен жұмыссыздыққа наразылық білдірді. Олар су, электр энергия тапшылығы мәселелерін де қозғады. Әлеуметтік желілерде үкімет отставкасын талап еткен ұрандар пайда болды.
Дәрігерлер мен қауіпсіздік органдарындағы дереккөздер ел оңтүстігіндегі Амара қаласында төрт шерушінің оққа ұшқанын, Ди-Кар провинциясында бір шерушіге оқ атылғанын хабарлады. Дәрігерлер 600-дан астам шеруші мен қауіпсіздік қызметкері жараланғанын айтты.