Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың кеңесшісі Құндыз Жолдыбаева бұрынғы басшының әйелі Раиса Атамбаеваның интернетте тараған суреттеріне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Әлеуметтік желі қолданушылары елдің бұрынғы бірінші ханымының суреттерін талқылап жатыр: бірінде Раиса Атамбаева аялдамада қоғамдық көлікті күтіп тұрса, екіншісінде шағын автобустың ішінде отыр.
Қырғызстандықтардың дені Атамбаеваның «маршруткамен» жүруін отбасы мүлкінің бұғатталуымен байланыстырды.
Құндыз Жолдыбаева экс-президенттің әйелі Қырғыз мемлекеттік медицина академиясында әлі де сабақ беретінін атап өтті.
«Раиса Минахмедқызы әрдайым адамгершілі мол, қарапайым жан болатын. Бұл суретті экс-президенттің отбасын қаралағысы келетіндер әдейі желіге салған шығар, бірақ, олардың арам пиғылынан ештеңе шықпады», - деді Жолдыбаева.
Ол Атамбаеваның қоғамдық көлікпен жүруі мүліктің бұғатталуымен байланысты емес екенін жеткізді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Раиса Атамбаева өзіне қатысты қылмыстық істер қозғалып жатқанын, отбасының банктердегі барлық есепшоты мен мүлкі бұғатталғанын мәлімдеген еді.