Чилиде студенттер жаппай шеруге шығуына байланысты, елдің екі провинциясында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА жергілікті басылымдарға сілтеме жасап.
The Santiago Times басылымының хабарлауынша, ел президенті Себастьян Пиньера елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді армияның қолына сеніп тапсырған, Сантьяго метросының барлық стансасы жабылған. «Төтенше жағдай енгізудегі мақсат – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және Сантьяго қаласының тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау», - деді президент орталық телеарна эфирінен.
Студенттер метрода жүру тарифінің 4%-ға көтерілуіне қарсы. Апта басынан бері жүздеген студент көшеге шығып, метро стансаларында наразылық акцияларын өткізген. Апта соңына қарай жағдай ушығып, метроның жеті стансасына от қойылған.
Бұдан бөлек, банк бөлімшелері мен супермаркеттер тоналған, қала көшелерінде жер-жерде тәртіпсіздіктер жалғасып жатыр. Ереуіл салдарынан, кей деректерге қарағанда, 57 полицей зардап шегіп, 180 адам ұсталған.