Ұлыбританияның 24 жастағы Нелл Кордукс атты тұрғыны ауыр дерттен көз жұмған анасымен бір күні қоштасып, дәл сол күні отау құрды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Нелл мен оның Мэтт атты жары 6 жыл бойы кездескен. Алайда қыздың 56 жастағы анасы ауыр дертке шалдыққанын білген олар үйлену тойын кейінге қалдырмауды шешеді. Қыздың анасы ми рагынан әне-міне көз жұмып кетуі мүмкін деп, жас жұбайлар тойларын үш айға дейін жақындатыпты. Дегенмен де, 56 жастағы Бекки қызының ақ көйлек киюін сол күйі көре алмай кетіпті. Ол жас жұбайлар некесі қиылар күннің таңында о дүниеге аттанған.
Алайда, бұған қарамастан, Нелл мен Мэтт өз тойларын шегермеуді жөн көреді. Олардың айтуынша, қыздың анасы солай болғанын қалаған екен.
Ең қызығы жас келін бір қолына анасының суретін, ал екінші қолына неке жүзігін тағып, күйеуімен бірге жас жұбайлар биін билеген көрінеді. Сол күні қыз келген қонақтардан бір мезгілде құттықтауы мен көңіл айтуын қабылдаса керек.
«Біз бұл биді орындағанда мен өзімді қатты кінәлі сезіндім. Бірақ, менде бір ғана таңдау болды: осы жерде тұрып алып, өкіріп жылау немесе анам қалағандай мерекені жалғыстыру», - дейді Нэлл.