$ 494.87  520.65  4.91

Сирия мен Түркия шекарасында жағдай ушығып тұр

Сонымен, Сирияның солтүстік-шығысы кімге бұйыруы мүмкін?

Сирия мен Түркия шекарасында жағдай ушығып тұр. Себебі бүгін уақытша оқ атпау келісімінің соңғы күні, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Түркия тарапы: «келісім аяқтала салысымен әскери операцияны қайта бастаймыз» дейді. Күрд жасақтарына қарсы шабуыл жанданса, АҚШ-та қарап отырмай, Анкараға әскери соққы жасайтынын ескертті. Ал, Режеп Тайып Ердоған Мәскеудің қолдауын алу үшін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Сонымен, Сирияның солтүстік-шығысы кімге бұйыруы мүмкін? 

Екі елдің басшыларының Сочидегі кездесуі осы Сирия мен күрд жасақтары мәселесіне қатысты болды. Сарапшылар «Ердоған АҚШ-қа қарсы тұруға жақтастар іздеп жатыр», дейді.   

АҚШ Анкараға әскери соққы жасамақ 

Сирияның солтүстігіне жасаған әскери операциясы үшін Ақ үй басшысы Анкараға әскери күш қолдануға дайын. Америкалық СNBC арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осылай деп мәлімдеме жасады. Сондай-ақ оның айтуынша, Вашингтон Түркияға экономикалық әрі дипломатиялық тұрғыда да қысым көрсете алады. Бұл сес көрсетуге Түркия тарапы сенбей отыр. Тіпті Түркияның Өзбекстандағы елшісі Мехмет Сурейя Эр бұл мәлімдемені аударған кезде қателік кеткен болуы керек дейді. 

Мехмет Сурейя Эр, Түркияның Өзбекстандағы елшісі: 

- Менің ойымша, бұл мәселеде адами фактор рөл ойнаған. Аудармада қателік кеткен. Себебі жоғары шенді шенеунік бұлай ойланбастан мәлімдеме жасай алмайды. Біз үшін хаттамма, протокол сынды мәлімдемелер маңыздырақ.   

Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Путин кездесті 

Ердоған АҚШ-тың мәлімдемесінен шынымен қаймықты ма, кім білсін, дереу одақтастар іздей бастады. Ол үшін ең алдымен Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Шара Сочи қаласында өтіп жатыр. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, ресми Дамаск та, күрд жасақтары да Анкарамен келісімге келу үшін Мәскеуден көмек сұрағанға ұқсайды. Ресей осы орайда мәселені бейбіт жолмен шешуге көмектесеміз деп отыр. Дегенмен, Дональд Трамптың да өз айтары бар. Ақ үй басшысының Fox News-ке берген сұхбатынан үзінді.  

Дональд Трамп, АҚШ президенті: 

- Түркия мен күрд жасақтары ойын алаңында ойнап жүрген екі балаға ұқсайды. Бақыламасаң, төбелесіп қалады. Арасына түсіп арашалау керек. Сол ажырататын ересек АҚШ болып тұрғой мұнда. Менің ойымша, екі тарапқа ең ыңғайлысы – келісімге келу. Америкалық әскерилерді Сириядан сол үшін әкетіп жатырмыз.   

Күрд жасақтары америкалық әскерлерге картоп лақтырды Ия, Трамп айтқандай қазір АҚШ тарапы Сирияның солтүсігінен әскерилерін шығарып, Иракка жіберіп жатыр. Эль-Камышлы елді мекенінен кеше жүзге жуық техника Дахукқа көшірілді. Шекарадан шығаберісте күрд жасақтары америкалық әскерилерге картоп лақтырған. Ал, Таль-Тамр қаласының тұрғындары ереуілге шығып, өңірден кетіп бара жатқан америкалық әскерилердің жолын жапқан. Қолдарында «Трамп бізді сатып кетті», «Бейбіт әлемде тұрғымыз келеді» деген плакаттары бар. 

Блиц 1: 

- Америка екі сөйлейтін сатқын! Керек кезде күрд жасағын пайдаланып кетті. Енді күрдтер қырылып жатыр. Қарғыс атсын сендерді! 

Блиц 2: 

- АҚШ-тың әрекеті оңбағандық. Сатқындар, бізді тастап қашып барады. Құрыңдар!   Түркия әскери операцияны жалғастырады Еске сала кетейік, «Бейбітшілік қайнары» операциясы 9 қазан күні басталды. 

Түркия шекаралас Сирияның солтүстік-шығыс аумағын күрд жасақтарынан тазартып, өңірге 2 миллиондай сириялық босқынды қайтаруды көздеп отыр. Бір аптаға созылған қақтығыстардан кейін АҚШ-тың араласуымен 17 қазан күні тараптар уақытша оқ атпау келісіміне келген. Бұл құжатқа сай күрд жасақтары бес күн ішінде өңірден өз еркімен кетуі керек еді. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті: 

- Бүгін соңғы күн. Сағат 22.00-де уақытша келісім аяқталады. Біздің әскерилер барлығын бақылауда ұстап отыр. Америка берген уәдесін орындамаса, күрдтер өңірден кетпесе, Түркия әскери операцияны тоқтаған жерінен қайта жалғастырады. 

Соңғы ақпарлар бойынша Сирияның солтүстігінде әлі 1300-дей күрд жасағы бар. Ал Путинмен кездескен Түркия тарапы енді Мәскеумен бірігіп, «Сирияның солтүстігіндегі мәселені шешеміз» деп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Сирия