Ливанда үкіметке қарсы жаппай ереуілге 2 миллион адам шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар Саад Харири бастаған коалициялық үкіметтің антикризистік жоспарына наразы. Яғни, Саад Харири банктер мен сақтандыру компаниялары тапқан табысқа салық мөлшерін өсіруге уәде берген. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемақыны қысқарту шешімінің күшін жоятынын жеткізген болатын.
Соған қарамастан, ливандықтар биліктің түбегейлі отсавкаға кетіп, кезектен тыс сайлау өткізуді талап етуде.
Еске салсақ, аймақтағы жаппай ереуілге қатаң үнемдеу шаралары түрткі болған еді. Бұған қоса, саясаткерлердің WhatsApp арқылы жасалатын қоңырауларға салық салу жоспары да Ливандағы жағдайды ушықтырған болатын. Бірақ ереуілдер өршіген соң, билік бұл шешімінен бас тартты.