Мексиканың депутаттар палатасы қазіргі президентті тек мемлекетке опасыздық жасағаны үшін ғана емес, сонымен бірге сыбайлас жемқорлық және сайлау қылмыстары үшін соттауға мүмкіндік беретін конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізген заң жобасын мақұлдады, деп хабарлады РИА Новости-ге сілтеме жасаған Zakon.kz.
"420 дауыс қолдап, 29-ы қарсы шығып, бесеуі қалыс қалған. Сыбайлас жемқорлық, сайлаудағы қылмыстары және конституцияның 19-бабында көрсетілген айып бойынша Президент үстінен сот ісін жүргізуге мүмкіндік беретін конституциялық реформа жобасы қабылданды және ол қабылдау үшін Мексика Сенатына қайтарылды (өзгертулермен)", -деп хабарлады Мексика депутаттары палатасының Twitter-дегі парақшасында.
Депутаттардың пікірінше, республика президентін қылмыстық қудалауды бастау үшін Сенат қолданыстағы қылмыстық заңды негізге алып отырып, өз айыптауын жариялайды.