Осыдан бірер күн бұрын Хуссайн Еремешов есімді қазақстандық азаматтың жыл сайын Дубай қаласында өткізілетін «Dubaі Duty Free» лотереясынан 1 миллион доллар ұтып алғаны туралы айтылды. Ол билетті ғаламтор арқылы сатып алған екен. Әзірге ұйымдастырушылар ұтыс иесімен байланысқа шыға алмай жатқан көрінеді.
Иә, бай дубайлықтар үшін біреуге миллиондар сыйлау түкке де тұрмайтын секілді. Олай деуіміздің себебі де жоқ емес. Бүгінде Дубай – Біріккен Араб Әмірліктерінің құрамындағы ең дамыған, ең озық экономикалы аймақ. Ондағы тұрғындардың күнкөрісі де соған сәйкестендірілген.
Жуырда ғаламтордан араб халқына қатысты бейнежазбаны көзім шалды. Онда халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылыпты. Дубай туралы онда былай дейді:
«Өткен ғасырдың 50-жылдарындағы Дубай мен қазіргі Дубайды салыстыруға келмейді. Дубай ешқандай да маңыздылығы жоқ қалалардың бірі болатын. Кейіннен, 20-шы ғасырдың 60-жылдары Дубайдан кішігірім мұнай кен орны табылды. Кен орнының көлемі көршілес Абу-Даби мен Сауд Арабиясына қарағанда шағын болатын. Десе де, бұл кен орны Дубайдың билеушісіне үлкен ой салады. Қаланың қазіргі заманауи негізін салған адам – шейх Рашид. Ол кәсіпкер болатын. Сондықтан шейх Рашид экономикаға үлкен мән берді. Шейх Рашид қаланы модернизациялаудан бастайды, жаңа жолдар мен ғимараттар салады. Ал жағалауда жаңа айлақ пайда болды. Ашылу кезінде бұл әлемдегі ең үлкен порт болатын. Осылайша Дубай алғаш рет Гиннестің рекордтар кітабына енеді. 70-жылдардың басында Дубай көршілес алты әмірлікпен бірігіп, БАӘ мемлекетінің негізін салды. Бүгінде Дубай - БАӘ-нің ең танымал қаласы.
...Ел азаматтарына жұмыс істеудің қажеті жоқ. Олардың дүниеге келісімен-ақ жағдайлары жасалып қойған. Арабтар тек мемлекеттік қызметте ғана жұмыс істейді, кейде өз бизнестерін жүргізеді. Араб жұмысқа тұрған алғашқы уақытта 4 мың доллар алады, университет бітіргеннен кейін ең төмен жалақы 10 мың долларды құрайды. Жергілікті азамат жұмыс істеген сайын оның біліктілігі мен жалақысы өсе береді. Араб зейнетке шығар кезде оның жалақысы 100 мың долларды құрайды. Ел азаматтығы бөтен адамға берілмейді. Азаматтық тек мұрагерлер арқылы ғана беріледі. Дубай әмірлігіндегі әрбір жергілікті тұрғынның есеп-шотына мұнай сатудан түскен кірістің тиісті бөлігі аударылып отырады. Сәби дүниеге келгенде отбасыға жер телімі мен 60 мың доллар беріледі».
Сонан соң мұндағы медицина мен білім туралы да біраз ақпараттар айтылыпты.
«Елдегі орта және жоғары білім тегін. Жергілікті жоғары оқу орнының студенті бірінші курсты үздік аяқтаса, оған өзі қалаған әлемдік жоғары оқу орындарының бірінде оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі. Шетелдегі оқу мен пәтер жалдау ақысын мемлекет төлейді. Ай сайын 2 мың доллар шәкіртақы төленеді. Елдегі медицина тегін. Шетелде емделу мен ота жасауды да мемлекет өз мойнына алады. Араб 21 жасқа толған соң оған үй салу үшін қаражат бөлінеді. Алғаш некелесіп жатқан азаматтарға қарыз ақша беріледі. Үш бала дүниеге келгеннен кейін қарыз кешіріледі. Бір қызығы, дубайлықтар мұнай арқылы осындай дәрежеге жетті», – дейді бұл видеода.
Расында да, осындай озық экономика Дубай қаласын ең сәулетті қалалардың біріне айналдырып отыр. Оған туризм символы болып табылатын дүние жүзіндегі жалғыз жеті жұлдызды «Бурдж-әл-Араб» қонақүйі, ашық аспан астындағы «Вайлд Вади» аквапаркі, биіктігі 828 метрді құрап, 162 қабаттан тұратын «Бурдж-Халифа» зәулім ғимараты, көкке көтерілетін су ағынының биіктігі 150 метр болатын «Дубай» музыкалық субұрқағы, әлемнің сегізінші кереметіне теңеліп отырған жасанды аралдар, келушілерге жан-жақты жағдай жасалған желкенді кемелер мен түрлі гольф клубтары мысал бола алады. Дубай осынысымен басып озды.
Бұл жерасты байлығын тиімді пайдалана білгеннің арқасы шығар. Әлде дубайлықтар өзгелерге қарағанда ақылдырақ па?
Дереккөз: "Замана" басылымы