Қырғызстанда Кой-Таштағы жаппай тәртіпсіздік және сарбаздарды кепілдікке алу ісі бойынша күдіктілерге сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Олардың арасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев та бар, деп хабарлады Азаттық радиосы.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында 16 адам күдікті ретінде танылған. ІІМ хабарламасында олардың ауыр және өте ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінгені жазылған. Қырғызстан заңына сәйкес, мұндай жағдайда күдікке ілінген азаматтар сот-психиатриялық сараптамадан өтуі тиіс.
7-8 тамызда Қырғызстанның Шу облысы Аламуд ауданы Кой-Таш ауылында арнайы қызмет өкілдері бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тергеуге күштеп апаруға тырысты. Оқиға кезінде ондаған адам зардап шекті, арнайы қызметтің алты жасағын Атамбаев жақтастары кепілге алып, 20 сағат бойы Атамбаев үйінде ұстады. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасағы Усенбай Ниязбеков ауыр жараланып, қайтыс болды. Шу облысының ішкі істер басқармасының бастығы Самат Курманкуловтың басы жараланып, қазір Мәскеуде емделіп жатыр.
8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Алмазбек Атамбаевты ұстады. Кейін Атамбаевқа "тәртіпсіздіктер ұйымдастыру", "заңсыз қару айналымы", "тергеуге кедергі жасау", "кепілге адам алу", "кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша 14 айып тағылып, қамауға алынды.
Кой-Таштағы оқиғадан соң көп кешікпей Атамбаев жақтастары - президент аппаратының бұрынғы жетекшісі Фарид Ниязов, партия бойынша әріптестері Алга Кылычов, Кыяз Смаилов және Амантур Жамгырчиев қамауға алынды. Олар "арнайы жасақ өкілдерін кепілге алды" деген күдікке ілінген. Дәл осындай күдікпен депутат Ирина Карамушкина да 22 тамызда үй қамаққа алынған.