АҚШ билігі күз айларында Қытай елшілігінің екі қызметкерін Пекинге қайтарған, деп жазады «Жас Алаш», The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін бұл ақпаратты не Вашингтон, не Пекин айтпаған. Ал америкалық басылым оны құпия дереккөзге сүйене жазып отыр.
Басылымның жазуынша, қытай дипломаттары Вирджиния штатындағы әскери база аумағында ұсталған. Әскери нысанға арнайы рұқсатсыз кіруге тыйым салынған. АҚШ билігі «тыңшылық жасады» деп күдікке ілінген дипломаттарды Пекинге қайтаруды ұйғарған. 1987 жылдан бері осы тәрізді оқиға болмаған.
The New York Times басылымының жазуынша, АҚШ-тың арнайы қызмет өкілдері Пекинге қайтарылған екі офицердің біреуін Қытайдың барлау қызметінің өкілі деп санайды. Дипломаттар өздерінің ізіне түскен Американың әскерилерінен жасырынуға тырысқан және көлігінің жолын жапқаннан кейін ғана барып тоқтаған.
Қазан айында АҚШ қытай дипломаттарына шектеу қойып, жергілікті билік өкілдерімен кездесуді жоспарласа немесе білім беру, зерттеу ұйымдарына барғысы келсе, алдын ала хабарлауды міндеттеген. Ол кезде АҚШ мемлекеттік департаменті «бұл осыған ұқсас Қытайдың қойған шектеуіне жауап» деп түсіндірген. Ал басылым шектеуді әскери базада болған оқиғамен байланыстырады.
Құпия дереккөзге сүйенген The New York Times жазуынша, Қытай жағы әзірге шектеу қоймаған.