23.12.2019, 11:00

Ресей Қазақстанға салуға мүдделі болып отырған АЭС-тан Еуропаның өзі бас тарта бастады

Фото: 24.kz
Бұл 2017 жылғы ядролық энергетикадан бас тарту туралы референдумнан кейін жабылған алғашқы станция болмақ. Содан бері мемлекет күн, жел және гидроэнергетиканың үлесін барынша арттырып келеді.

Еуропа елдері ядролық энергетикадан бас тарту процесін бастады. Швейцарияда 47 жылдан бері жұмыс істеген Мюленберг атом электр станциясының жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «The Qazaq Times»-қа сілтеме жасап.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 1973 жылы Берн қаласынан ашылған станция 100 жыл бойы энергетикалық қуат өндіріп келген. Ал Мюленберг АЭС-ы – Швейцарияның бес бірдей атом станциясының бірі. Қуаты 373 мегаватты құрайды. Жалпы, 2017 жылы швейцариялық атом электростанциялары елдегі электрдің үштен бірін өндіріп келген. Бұл ретте, электрдің 60%-ы гидроэлектростанцияларға тиесілі десек, баламалы қуат көздерінің үлесі – 5%.

Сонымен, бұл 2017 жылғы ядролық энергетикадан бас тарту туралы референдумнан кейін жабылған алғашқы станция болмақ. Содан бері мемлекет күн, жел және гидроэнергетиканың үлесін барынша арттырып келеді. Швейцарияға көршілес Германия да атом электр станциясынан 2022 жылы бас тартпақ.

Сондай-ақ, Швейцария билігі жаңа ядролық реакторларды салмайтынын, ал қалған станцияларды қызмет ету уақыты аяқталғаннан кейін жабатынын жария етті. Ондағы қалған электр станциялардың нақты қашан жабылатыны белгісіз. Әйтсе де, жұмысын тоқтататын келесі станция Германиямен шекарадағы 1969 жылы салынған Бецнау болуы мүмкін.

Осы орайда айта кетсек, биылғы 3 сәуірде Кремльдегі кездесуі кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей президенті Владимир Путин біздің елге АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді ұсынған болатын. Сол сәтте екі елдің басшылары «бейбіт атом саласындағы серіктестік» жайын талқылағандарын айтқан еді.

Путиннің сөзінше, «уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді». Қазақстанда салынуы ықтимал АЭС-ке арналған аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы таңдалған. Аталған мәлімдемеден кейін Қазақстан азаматтары станциядан төнетін орасан зор қауіпті айтып, АЭС құрылысынан бас тартуды талап етті.

Ал 27 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Семейде өткен жиында: «Атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп, пікірталас туындап отыр. Бұл – күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Бұл - біздің бүкіл халықтың мүддесіне қатысты болғандықтан, өте күрделі мәселе. Халық пікірі назарға алынады. Соған қарай әрекет етеміз», – деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігі Қазақстандағы АЭС құрылысына бола даурығудың қажеті жоқ деп, халықты сабырға шақырған болатын.

Енді міне, қай сала тұрғысынан алсаң да ТМД мемлекеттерінен әлдеқайда ілгері дамып кеткен білдей Еуропа елдері бас тарта бастағанда, Ресей мен Қазақстанға да АЭС мәселесін «жылы жауып» қоя салған жөн сияқты...