$ 514.65  544.6  5.17

Тергеу комитеті бұрынғы министрдің жоғалуына байланысты жабылған істі қайтадан қолға алды

Арнайы жасақтың бұрынғы жетекшісі Дмитрий Павличенко Гаравскийді "өтірік айтты" деп айыптады. Павличенконың сөзінше, Гаравский Ішкі істер министрлігінің әскерінде келісім-шарт бойынша қызмет еткен.

Беларусь Тергеу комитеті бұрынғы Ішкі істер министрі Юрий Захаренконың жоғалып кетуіне байланысты жабылған істі қайта қолға алды. Бұған арнайы жедел жауап беру тобының бұрынғы сарбазы Юрий Гаравскийдің Deutsche Welle басылымына берген сұхбаты түрткі болған.

Сұхбатта Гаравский 1990 жылдың соңында президент Александр Лукашенконың саяси қарсыласын ұрлап, оны өлтіруге тікелей қатысы болғанын баяндаған. Гаравскийдің айтуынша, Захаренконы үйіне қайтып бара жатқан кезде ұстап, әскери полигонда өлтірген. Сосын мәйітін Минскінің Солтүстік зиратындағы крематорийде өртеп жіберген.

Гаравский, сонымен бірге, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Виктор Гончар мен кәсіпкер Анатолий Красовскийдің де өлімі туралы айтқан. Алайда, олардың жоғалуына байланысты тергеу амалдары әзірге қайта қолға алынған жоқ.

Беларусьте ресми түрде Захаренко із-түзсіз жоғалып кетті деп айтылады. Бірнеше жыл бұрын оның жоғалуына байланысты іс жабылған еді. Осыған дейін Беларусь билігі бұрынғы министрді Германияда көргендерін айтқан. Бірақ, Захаренко отбасы мен Германия билігі Минскінің сөзін жоққа шығарған.

Беларусь президенті Гаравскийдің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқанмен, соңынан арнайы қызмет өкілдеріне ақпаратты тексеріп, Гаравскийді тергеуге шақыруды тапсырған.

Арнайы жасақтың бұрынғы жетекшісі Дмитрий Павличенко Гаравскийді "өтірік айтты" деп айыптады. Павличенконың сөзінше, Гаравский Ішкі істер министрлігінің әскерінде келісім-шарт бойынша қызмет еткен. Бірақ, 1999 жылы оппозициялық саясаткер жоғалған кезде бопсалау бабы бойынша түрмеде отырған.

Қазір Гаравский Еуроодаққа мүше мемлекеттердің бірінен саяси баспана алу туралы шешімді күтіп отыр.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары