Қыркүйек айында АҚШ құрлық әскерлерінің кибернетикалық басшылығының жетекшісі 2020 жылғы сайлаудың қарсаңында киберкеңістіктегі ақпараттық соғыстың тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын мәлімдеген еді.
Америка "Ресей келесі жылғы президенттік сайлауға араласуы мүмкін" деген сылтаумен ақпараттық соғыстың тактикасын әзірлеуге емес, шын мәнінде, киберсоғысқа дайындалып жатыр. "Жоғары экономика мектебі" ұлттық зерттеу университетінің әлемдік саясат пен экономика факультеті деканының орынбасары Андрей Суздальцев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды РИА Новости.
Бұған дейін Washington Post газеті кибернетикалық басшылықтың "Мәскеу 2020 жылғы сайлауға араласуы мүмкін" деген желеумен ресейлік шенеуніктер мен бизнесмендерге қарсы ақпараттық соғыс тактикасын әзірлеп жатқанын хабарлаған болатын.
"Бұл киберсоғысқа дайындалуға сылтау ғана... Оларға себеп керек. Сосын компьютерлік бағдарламалар мен мамандарды не үшін дайындап жатқандарын көрсетуі керек қой. Бұның бәрін АҚШ-тың саяси алаңында хаккерлермен және сол алаңға араласатын Ресеймен күресуге қажет болатындай көрсетуге тырысады", - дейді Суздальцев.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде америкалықтар Ресейді саяси күрестің құралы ретінде пайдаланып келеді.
"Мәселен, конгресте не болып жатыр? Импичмент және тағысын тағы. Республикашылар мен демократтардың арасындағы күресте Ресей қысым жасаудың құралына айналып отыр. Былайша айқанда, бізді шоқпар ретінде пайдаланып келеді. Бұл – өте қауіпті жағдай", - деп атап көрсетті Суздальцев.
Айта кетейік, қыркүйек айында АҚШ құрлық әскерлерінің кибернетикалық басшылығының жетекшісі, генерал Стивен Фогарти 2020 жылғы сайлаудың қарсаңында киберкеңістіктегі ақпараттық соғыстың тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, оппоненттер дайындық жайында білуі керек. Осылайша, Вашингтон жай қарап отырмай, жауап беретінін ашық көрсете алады.
Бұған дейін АҚШ Ресейді 2016 жылғы президенттік сайлауға араласты деп айыптаған. Мәскеу ол мәлімдемелерді жоққа шығарды.
Дереккөз: Sputniknews.kz