Зимбабведе ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан миллиондаған адамдар аштықтың құрбаны болуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат, Business Report-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы БҰҰ Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы жариялады. Ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан елдегі тұрғындардың жартысы, яғни 8 миллионға жуығы азық-түлік жетіспеушілігі зардаптарын тартуда. Сондықтан аталған халықаралық ұйым 4,1 млн адамға көмек көрсетіп, қажетті азық-түлік көлемін жеткізбекші.
«Жағдайдың күрделенуі ақпан айының соңында болады», - деді Зимбабведегі Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының өкілі Нильс Бальцер. Елді жайлаған құрғақшылық осы жылы жүгері өнімдері көлемінің 50 пайызға дейін қысқаруына алып келген.