08.01.2020, 20:45

Иран Израиль мен Сауд Арабиясын да бомбалауға тастүйін дайын

«АҚШ-қа қолшоқпар болып, оған қолдау білдірген елдердің барлығына соққы жасауға дайынбыз. Тіпті, АҚШ-тың өзіне де зымыран жіберуге болады».

Бүгін Иран билігі АҚШ-тың Ирактағы әскери базасына ауыр зымыран соққысын жасаған еді. Соңғы деректерге қарағанда, мұнда 80 адам көз жұмған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Генерал Касем Сулейманидің өліміне қатысты өшіккен Иран Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы жасауға кірісіп кетті. Алғашқы соққыны бүгін таңертең жасаған еді.

Енді Иран билігі егер АҚШ намысқа тырысып, қайтара соққы жасаса, онда Таяу Шығыстағы Америка әскері шоғырланған аймақтардың барлығына зымыран жібереміз деген ескерту жасады.

«АҚШ-қа қолшоқпар болып, оған қолдау білдірген елдердің барлығына соққы жасауға дайынбыз. Тіпті, АҚШ-тың өзіне де зымыран жіберуге болады. Егер Иранға бомба тасталатын болса, онда біз Израиль мен Сауд Арабиясын да бомбалаймыз», - деді Ислам резолюциясы сақшыларының корпусы.

Ұйым мәлімдемесіне қарағанда, Израиль де Касем Сулейманидің өліміне себепші болған ел ретінде айыбының зардабын тартуы тиіс.