20.01.2020, 04:25

«Ол өте абайлап сөйлеуі керек»: Трамп өзін «клоун» деген Иранның рухани көсеміне ескерту жасады

фото: rbc.ru
«Оның басшылары Иранды тығырыққа апармай, террордан бас тартып, мемлекетті қайтадан ұлы жасауы тиіс».

АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісінде Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге «абайлап сөйлеуді» ескертті. 17 қаңтарда Тегеранда жұма намазында жұрт алдында уағыз айтқан аятолла АҚШ басшысын «клоун» деп атаған, деп жазады «Жас Алаш».

«Иранның «рухани көсемі» деп аталатын адам АҚШ пен Еуропаны тілдеді. Олардың экономикасы құлдырап барады, жұрт жақындарынан айрылды. Ол өте абайлап сөйлеуі керек», - деді Дональд Трамп.

«Американы жақсы көретін Иранның ізгі ниетті азаматтарының құрметті талап еткені үшін жазалайтын емес, арманын жүзеге асыруға көмектескісі келетін үкіметі болуы тиіс. Оның басшылары Иранды тығырыққа апармай, террордан бас тартып, мемлекетті қайтадан ұлы жасауы тиіс» деп жазды одан әрі АҚШ президенті.

Еске сала кетсек, аятолла ол уағызын елде наразылық күшейіп тұрған тұста оқыған-ды. Мосалла мешітіндегі жұма намазында ол: «Батыс елдері ирандықтарды тізерлете алмайды», - деген.