Өзбек блогері Нафосат Оллошукурова тұтқында болған кезде оппозицияға қарсы куәлік беруден бас тартқаны үшін полиция қызметкерлері өзін ұрып-соғып, "зорлаймыз" деп қоқан-лоққы жасағанын мәлімдеді.
"Олар мені жұдырықпен ұрып, шашымнан тартып, ішімнен тепті" деді Өзбекстанның солтүстік-батысындағы Хорезм облысында "әкімшілік жазасын" өтеген кезде басынан өткен жағдайды баяндаған блогер Нафосат Оллошукурова.
Блогердің сөзінше, оны "зорлаймыз" деп қоқан-лоқы көрсеткен бір топ офицердің алдында тыржалаңаш тұруға мәжбүрлеген. Оллошукурова полиция бөлімшесіндегі азаптаудан бөлек, психологиялық қысым көргенін айтты. Сот оны дені сау болғанына қарамастан, үш айға еркінен тыс "емдеуге" психиатриялық ауруханаға жатқызған.
Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жүргізген тікелей эфирлерімен танымал блогер Нафосат Оллошукурова қаңтардың 20-сы күні билік өзін тағы да еркінен тыс психиатриялық мекемеге жатқызады деп қауіптеніп, Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болғаннан кейін осындай мәлімдеме жасады.
"Соңғы күндері психиатриялық аурухана дәрігерлері мені іздеп үйіме үш рет келді. Бірақ, ол кезде үйде болмадым.Сондықтан мені әкете алмады", - дейді ол.
Блогер Орталық Азияның халқы тығыз қоныстанған, билігі сөз бостандығы мен мемлекетке қарсы айтылған сынды жақтырмайтын елде шенеуніктердің қытығына тиетін тақырыптарды көтеріп келген.
Қауіпсіздік қызметкерлерінің Оллошукурованы наразылық акциясынан тікелей эфир жүргізгені үшін психиатриялық ауруханаға "емдеуге" жатқызуы билік өкілдерінің "президент Шавкат Мирзияевтың тұсында Өзбекстан азаматтық құқықтарға құрметпен қарайтын, ашық әрі еркін мемлекетке айналды" деген мәлімдемесін жоққа шығарады.
Нафосат Оллошукурова бірінші рет 2019 жылы қыркүйек айында Facebook әлеуметтік желісінде биліктен өзіне қарсы қозғалған күдікті істі жабуды талап етіп, петиция жариялаған журналист пен оның жақтастарының наразылық шеруінен хабар таратқаннан кейін ұсталған. Хорезм соты Оллошукурованы "ұсақ бұзақылық жасау" бабы бойынша айыпты деп тауып, блогерді 10 тәулік әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған.
Дереккөз: Азаттық радиосы