$ 494.87  520.65  4.91

Алтайда кісікиік (қар адамы) әлі де бар

2011 жылы Қарабұйрат ауылының Некрасов атындағы орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Дәлелхан Біләлов пен оның жанындағы 5 сыныптың 15 оқушысы ауыл сыртындағы ағаш арасынан 5 жабайы адаммен кездесіп қалған.
фото: t30p.ru
фото: t30p.ru

«Аңыз түбі – ақиқат» деген аталы сөз бар. Адамзат баласы көбейген сайын жабайы жаратылыстардың азайып бара жатқаны өтірік емес. Аталарымыз айта беретін Кісікиік – жабайы адамдар туралы да әңгіме көп. Бүгінде «қар адамы, йети, сасквоч, бигфут (англ. bigfoot), әнжей, авдошка, алмасты, голуб-яван» деген атаулармен анда-санда ақпарат құралдарында көрініп қалып жүр.

Кісікиік және жабайы адам деген кімдер?
Қазақтар ештеңеге зәбірі жоқ аңды киік деп, ал адамнан алыс жүретін адам тектес жануарды кісікиік деп атаған. Түйенің жабайы түрін түйе киік деп атағаны секілді. Бірде тау адамы, бірде қар адамы деп аталатын жабайы адамдар – осы кісікиіктер.

Кісікиіктер адам секілді тік жүреді. Күшті әрі жүйрік. Сонымен бірге, ақылды да зерек деп суреттеледі. Олардың адам баласынан алыс таулы жерде, сулы ойпатта не биік жоталарда өмір сүретіні ескілікте көп айтылатын. Алтай тауының адам баспаған жерлерінде бар деген қауесет әлі де бар. Әсіресе, Тарбағатай, Үржар, Қалба жақтағы тау баурайындағы ауыл адамдары анда-санда кісікиік көрдік деп елді жиі дүрліктіреді.

2011 жылы Үржарда кісікиік тобы көзге шалынған
2011 жылы қазанда «Егемен Қазақстан» газетінің 26 санында мынадай оқиға жарияланды. Осы жылдың сәуірінде Үржарда мектеп мұғалімі мен оқушылары кісікиікті көрген.

Қарабұйрат ауылының Некрасов атындағы орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Дәлелхан Біләлов пен оның жанындағы 5 сыныптың 15 оқушысы ауыл сыртындағы ағаш арасынан 5 жабайы адаммен кездесіп қалған.

Айтуларынша, үстін жүн басқан, білектері мен сандарындағы жүндері түйенің шудасындай салбырап тұрған. Әсіресе, үшеуі аса ірі, бойлары биік (2 метрден жоғарырақ деп шамалайды), қалған екеуінің бойы шағындау болған (тегі жастары болуы керек), бастарының бітімі шошақ төбелі болыпты.

Осы әңгімені естіген 5 және 7 сыныпта оқитын Қуат және Қуаныш Амангелдиевтер және Мәди деген бала жабайылар жүрді деген жерге барады. Басында ештеңе байқалмапты. Тек судың бетінде қалқып тұрған томар сияқты бір нәрсені байқаған.

Байыптап қараса, томар дегендері су ішінде рахаттанып, керіліп жатқан жабайы адамның басы екен. Сол жерде Қуаныш деген бала тас болып қатқан кесек топырақты әлгіге жіберіп қалғанда, топырақ барып жабайының басына дәл тиген. Ол атып түрегеліп, басын ұстап өз-өзімен әуре болып жатқанында балалар оның дене бітімін түгелдей байқап үлгерген.

2016 жыл. Алтайда кісікиік мал тартып әкеткен
Қазақстанда кісікиік туралы тағы бір ақпарат 2016 жылы сәуірде тарады.
Басылымның жазуынша, Серік атты малшы маймылға ұқсайтын, үлкен, адам тәрізді мақұлықты көрген. Бойы 2 метрден асатын, қолдары ұзын, денесін жүн басқан адам тәрізді мақұлық қойды іліп алып, ергеншек шарбақтан секіріп шығып, тауға қарай кетіпті. Бұл ауыл тұрғындарын қатты үрейлендірген болатын.

Кісікиікке үйленген малшы туралы әңгіме
Алтай мен Баркөлдің (Аудан аты) арасындағы Байтік, Қаптық деп аталатын тауы мен ойпаңы кезектескен иен алқап бар. Ол өңір – Қытай мен Моңғолия арасындағы иесіз жатқан таулы алқап. Бұрын осы жерде мал отарлатқан кісілер кісікиікті көргендерін жыр ғып айтатын. Соның бірі – кісікиікке үйленген малшы туралы әңгіме.

Мал отарлатып, қара қоста жүрген жігіт бірде іштегі еттің азайып қалатынын байқайды. Таңда тұрып жылқыға кеткенде, шақырылмаған қонақ келетін сияқты. Сөйтіп жүргенде, отар қостың алдындағы қырбаққа ізі де түсіп қалыпты. Адамның табанынан үлкен, екі аяқты хайуан екенін білген жігіт кісікиік болар деп тұспалдайды. Ол туралы аңызға бергісіз әңгімелерді де көп естіген. «Құлақ естігенді көз көреді» деген.

Еріккен азаматқа бұл – әрі қызық әрі ермек болады. Қостың есігін жауып кетеді. Қайтып келгенде ашық тұрады. Бірақ, бір күні ештеңе алмағанын байқайды. Келесіде етті пісіріп және шикідей қатар қойып кеткен екен. Ертесіне тек шикі ет жоқ болып шығыпты. Адам болса піскен етті әкетер еді деп ойлайды.

Ақыры аңдып жүріп адамға ұқсас мақұлықты да көріпті. Тиіспеген соң, ол да жақындап келсе керек. Қараса, кәдімгі адам текті. Бірақ, үсті жүндес әрі денесі биік, қолы ұзын екен. Салбыраған омырауынан ұрғашысы екені білінеді.

Әлгі кісікиік әр күні отын, шөпшек теріп әкеп беріп, көмектесетінді де шығарыпты. Бара-бара малшының қосына да бірге кіретін болыпты. Тамақ берсе ақырындап тататын көрінеді. Ал таңертең қалай кеткенін білмей қалады екен. Жүрісі тез, күшті, қолы шөп тамырларын қазудан сірі болып кеткен.

Ерікккен малшы қызықтап жүріп, көңіл қосып қойса керек. Сонымен қыс соңына қарай отарлаған малды алып елге оралыпты. Келесі жылы отар қосын әлгі орынға әкеліп тіккенде, баяғы кісікиік алдынан кішкентай баласын алып шығыпты. Бала да сырты түкті болғанмен, адамға бейім болыпты деп айтатын қойшы ағаларымыз.

Малшы баланың өзінікі екенін біліпті де қара қоста бірге өмір сүре бастапты. Сонымен тағы да көктем шыға ауылға көшуге дайындалыпты. Алайда, әлгі ұрғашы кісікиік қойшының қасына баласын тастап кетіп қалыпты. Малшы баланы алып кетейін десе, ауылға барғанда сөз болуынан қорқып, қалдырып кетіпті. Көрші отардағы жігіттер «тауып алдық» деп айтамыз десе де көнбепті.

Бірақ, кісікиік көшіп бара жатқан қостың екінші күні түнеген жеріне баланы тағы әкеліп тастапты. Осылай үш рет қайталаныпты. Сонымен, жігіттің әкетпейтініне көзі жеткен кісікиік баланы өзі алып кетіпті.

Кей кісілер кісікиік ашуланып, баланың қолын қол, бұтын бұт қылып лақтырып жіберіпті деп әңгімелейтін. Естіген құлақта жазық жоқ. Ал айтқан кісілер қайдан алды, ол жағы белгісіз.

Бұл – біз көп естіген аңыздың бірі. Қазір естіген адам сенбес. Ал өткен ғасырда кісікиікті көрген адамдардың көп екенін естіп, біліп жүрген жандар үшін шын болуы ғажап емес.

Тибетте кездескен кісі киіктер
– Бұндай кісікиік туралы әңгімелерді Алтайдан Баркөлді басып, Тибет жоталарына асқан ақсақалдар да көп айтушы еді. Баркөлден Гансуге өткен жерде түйекиіктер көп болады екен. Көктем кезі болса керек. Жаңа туған түйекиіктің жатқан жеріне уыз сүті ағып қатып қалады екен. Босқын ел сол уызды жинап алып та тамақ етіпті.

Құмнан адамның ізіне ұқсайтын, адамдікінен үлкендеу іздерді көреді екен. Сонда үлкендер «Бұлар түйекиіктің уызын жеуге келген кісікиіктер ғой. Тиіспеңдер» деп тапсырыпты, – деп еске алды Гималай асқан қазақ көшін зерттеуші, тарихшы Қалбан Ынтханұлы.

Мысалы, Зейнолла Сәніктің «Сергелдең» атты тарихи романында да кісікиікке қатысты бір әңгіме бар. Ол да Тибет жерінде болған оқиға. Бірде жаудан қашып шыққан босқындар жаралы кісікиікке кездесіпті. Жаны ашыған олар кісікиіктің сынған сүйегін таңып, емдеп, қасына тамақ тастап кетіпті. Бірер айдан кейін әлгі кісікиік тосыннан пайда болып, оларға отын теріп әкеліп, көмектесіпті. Тіптен, ұрғашы кісікиік түнде қосқа түнегісі келгенде азаматтар ұрып, қуып жіберген жағдайлар болған деп әңгімелейді. Бұл – нақ болған оқиға деп жазылған.

Кісікиік бір адамды 19 жыл қамап бағыпты
Бұл оқиға Моңғолияда болған деп бастады тағы бірде әңгімесін апайымыз Айна Кеңшілікқызы. XX ғасырдың басында Алтай қазақтары Құрымты, Қазанбай асулары және Бәйтік-Қаптық арқылы Моңғолияға асты. Тітпен, кей ауылдар ішкі аймақтарға дейін кіріп қоныстанды. Бұл оқиға дәл сол жылдары болған. Алайда, кісікиіктің дәл қайсы адамды әкеткенін үлкендер ашып айтпайтын. Мүмкін, ғайбат болмасын, ұрпағының бетіне салық болмасын дейтін шығар.

Бірде үстін жүн басқан, денелі, ұзын, емшегі салақтаған бір адам текті мақұлық отыздан енді асқан жігітті мал қарап жүргенде ұстап әкетіпті. Күйеуі із-түзсіз кеткесін, шиеттей балаларымен қалған келіншегі үмітін үзбей күтсе керек.

Жылдар өтіпті. Бірде көрші ауылдың қойшы баласына бір шал келіп, әлгі әйелді шақырып келуді сұрапты. Аң-таң қалған ол барып кездессе, өзінің 19 жыл бұрын жоғалып кеткен күйеуі екен дейді. Кемпірі: «Неге үйге келмедіңіз?» деп сұраса, «Сен басқа біреуге тұрмысқа шығып кетсең отбасын бұзбайын, жеке сөйлесейін деп шақырғанмын» деп басынан өткен жағдайды баяндапты. Шалдың айтуынша, кісікиіктен қашып шығуға енді ғана мүмкіндік туыпты.

Тіптен, сол кісікиіктен бір баласы бар екенін, оны алып келуге қорыққанын айтыпты.

«Кісікиік мені өлсем көметінін білемін. Бірақ, кебінсіз кетуден қорықтым. Осы адами өмірге қайта оралайын деп келдім. Қарсы алсаң, үйге барайын. Болмаса қайтайын», - депті. Кемпірінің мақұлдығын алған соң үйіне оралыпты.

Шал өз басынан өткен жағдайды былай әңгімелепті. Жабайы адамның қолына түскен азамат қанша қарулы болса да, ешқандай күш көрсете алмапты. Алақандары сірі боп, тырнақтары жер қазып үйренген дәу кісікиік еркекті қолтығына қысып қана ұстап әкеткенімен, тиіспепті.

Қалың таулы орман арасындағы бір үңгірге алып келіпті. Үңгір іші кең әрі жылы болса керек. Ішінде түрлі жабайы жемістер мен шөп төсеніштер де болған. Кісікиік өзі кеткенде үңгір аузын дәу қара таспен бастырып кетеді екен. Оны ашуға, шығып қашып кетуге мүмкіндік бермеген. Жігіт не болса да ақырын күтуге бекиді.

Жылдар өтеді. Кісікиік бір кеткенде бірнеше айға не одан да ұзаққа кетеді екен. Бірақ, адамның жеуіне қажетті түрлі жемістер мен басқа да жейтін дүниелерді толтырып тастайды екен. Шикі еттер де болыпты.

Сөйтіп жүріп, сол кісікиіктен бір ер бала көріпті. Ержете бастағанда баламен бірге үңгір аузына шығуына рұқсат беріпті. Ақырындап баланы ойнатып орман арасына баруға да мүмкіндік алыпты. Осылайша, кісікиік те жігіттің қашып кетпейтініне сенсе керек.

Ақыры баласын орман арасына апарып тастап бір күнде қашып шығып, ауылына оралған екен. Бұл да – аңыз.

Дереккөз: informburo.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары