10.02.2020, 10:40

«Тазалыққа өзіміз жауаптымыз»: коронавирус анықталған круиздік лайнер абақтыға айналды

74 жастағы британдық жолаушы қауіпті кеменің тыныс-тіршілігін видеоға түсіріп, соңғы жаңалықпен бөлісуде.

Жапония жағалауында тұрған круиздік лайнерде коронавирус жұқтырғандардың саны 61-ге жетті, деп хабарлады Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап. 

Оның 20-сы - жапондар. Әлемнің түкпір-түкіпірінен саяхатқа шыққан жолаушылар қауіпті кесел тез таралып, алып кеме бір-ақ сәтте абақтыға айналып кетті деп отыр.

"Кеме ішіндегі бөлмелер өте тар және терезесі жоқ. Адамдар таза ауа жұта алмай отыр. Ешкімді сыртқа шығармайды. Тіпті дәлізде арлы-берлі жүруге болмайды. Тазалыққа өзіміз жауаптымыз. Орамалымызды да ешкім ауыстырып бермейді. Саяхат кемесінде емес, құдды бір қапастағыдай күй кешіп отырмыз", - дейді жолаушы Дэвид Эйбл.

74 жастағы британдық жолаушы қауіпті кеменің тыныс-тіршілігін видеоға түсіріп, соңғы жаңалықпен бөлісуде. Үш күнде танымал болған турист кеме ішіндегі адамдарды бөлмеден шығармай тексеріп жатқанын жеткізді. 

Айта кетейік, 3-ші қаңтарда круиздік лайнерден түскен жігіттен қауіпті кесел анықталған. Содан кейін бортында төрт мыңға жуық жолаушы мен қызметкері бар алып кеме мәжбүрлі түрде тоқтатылған. Diamond Princess лайнерімен саяхаттауға 50 мемлекеттің туристері шыққан екен. 

Тегтер: коронавирус