13.02.2020, 01:25

Әуелі Антарктидадан айсберг әкелмек: арабтар сахарасын көгалдандырып, қар жауғызуды көздеп отыр

Мұз тау Үнді мұхиты арқылы 8851 шақырым қашыққа, БАӘ-нің Араб теңізі жағалауындағы әл-Фуджейра әмірлігіне жеткізілуі тиіс. Айсбергтің «сапары» 10 айға созылатыны есептелген. Мұз тауды Антарктидадан Парсы шығанағына жеткізу құны 100-150 миллион доллар аралығын құрайтын болады.

Антарктидадағы мұз қабатының ең «жұқасының» өзі 1600 метрге жетеді, ал ең қалыңы 4 шақырымды құрайды. Ғалымдардың есебінше, егер бұл аумақтағы мұз толық еритіндей болса, онда әлемдік мұхит суларының деңгейі 60 метрге дейін көтеріледі екен. Ондайдың бетін аулақ қылсын дейміз, әрине. Ал Антарктиданың мұзын игі мақсаттарға жұмсауға әрекет бар.

Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінің ғалымдары биыл елдеріне Антарктидадан айсберг жеткізбек ниетте. Бұған қатысты ойлар 2017 жылдан бері айтылып келген еді.

Біріккен Араб Әмірліктеріне айсберг жеткізу идеясының авторы – осы елдегі «Нэшнл Эдвизор» деп аталатын компанияның басшысы Абдулла әл-Шехи есімді ірі кәсіпкер әрі өнертапқыш азамат. Ол өзінің ойын соңғы бес-алты жыл бойы «пісіріп» жүр екен. Жұртшылық алғашында оның сөздеріне күмәнмен қараған еді. Кейін әл-Шехи өзінің есептерін көрсетіп, оған ел басшыларын сендіре білді.

Айсбергтердің балтамен шапқанға, темірмен кескенге бөліне салмайтыны белгілі. Өйткені, олар миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан. Олардың түрлі себептермен өздігінен бөлінетіні бар. Соның өзінде мұз таулардың көлемі үлкен болады, су бетіндегі жүздеген метр биіктігінен бөлек, су астындағы бөлігінің өзі 300 метр тереңдікке дейін барады. Осындай бөлініп кеткен бірен-саран айсбергтер мұхит суларында өз бетімен қалқып жүреді.

Арабтардың өз еліне Антарктидадан айсберг жеткізуге қанша күш, қанша қаржы жұмсалатыны қайтадан егжей-тегжей есептелді. Бұл жоба 2019 жылы толығымен дайын болды.

Біріншіден, Антарктидадан бөлінген мұз таулардың алдын-ала жасалған есепке шамалайтыны нысанаға алынады. Сосын оны сүйрету үшін сыртынан болат қапсырма орнатылады. Бұл қапсырманың екі ұшы қуатты кемелерге троспен бекітіледі. Сосын кемелер алып мұз тауды мұхит суында сүйрей отырып межеленген жерге жеткізеді.

Есеп бойынша, мұз таудың ұзындығы 2 шақырым, ені 500 метр болуы шарт. Осындай айсбергтің бірі таңдалып та қойған, бүгінде ол Оңтүстік жарты шардағы Херт аралына жақын маңда тұр. Осы мұз тау Үнді мұхиты арқылы 8851 шақырым қашыққа, БАӘ-нің Араб теңізі жағалауындағы әл-Фуджейра әмірлігіне жеткізілуі тиіс. Айсбергтің «сапары» 10 айға созылатыны есептелген. Мұз тауды Антарктидадан Парсы шығанағына жеткізу құны 100-150 миллион доллар аралығын құрайтын болады.

Есеп бойынша, жолда мұз тау өзінің 30 пайыз бөлігін жоғалтады. Яғни, күн көзі мен теңіздің тұзды суының әсерінен ерігенде жоғалтатыны өз массасының үштен біріне жуық бөлігі болмақ. Ал қалған бөлігі мұз тауды бөлшектеп, ерітуге, одан алынған тұщы суды жинауға, сақтауға арнап алдын-ала дайындалған кәсіпорындарға жеткізіледі. Осындай жолмен жеткізілген тұщы су мөлшері 30-40 миллион текше метрге тең болмақ. Ол елдің 10 миллион тұрғынының пайдалануына жарты жылға жетеді.

Бұдан бөлек, теңізбен тасымалданған мұз тау Араб теңізінің суын тұшытып, онда тіршілік дамуына жол ашады деп күтілуде. Сондай-ақ, Пәкстаннан теңіз түбі арқылы су құбырын тарту да ойда бар.

БАӘ-нің өзіндегі салынған арнайы зауыттар елді тұщы сумен қамтып қана қоймай, іс-әрекет нәтижесінде елдің климаты өзгеруіне де әсер етпек. Яғни, ыстық ауадан буланған судан аспанда бұлт пайда болады, оны қажетті бағытқа айдау арқылы ауыл шаруашылығы жерлеріне, қалаларға жаңбыр жаудыру іске асады. Өз кезегінде ол өсімдіктердің қаулай өсуін туындатады, ел аумағы жасыл желекке малынады. Яғни, бұл ғаламат жобаның ел климаты мен экологиясына да берері мол болмақ. «Суық ауа жеткілікті болса, тіпті, қар жауғызуға да болады», – дейді ғалымдар.

Сондай-ақ ауа райы ыстық елге жеткізілген мұз тауды, одан алынып жатқан суды, судың әсерінен түрленген елді көріп-тамашалау үшін БАӘ-ге алыс-жақыннан миллиондаған туристер ағылады. Осының бәрінен ел қазынасына қыруар қаржы түседі, Антарктидадан айсберг әкелуге тағы да мүмкіндіктер туады. Ғалымдар ол үшін БАӘ-ге орта көлемдегі айсбергтің апарылуы жеткілікті деп отыр. Мұндай мұз тау ел халқын ауыз сумен 5 жыл бойы қамтамасыз ете алады екен.

«БАӘ үшін мұз таулар» деп аталатын осы ғаламат жобаны қолға алудан бұрын, бірінші кезекте «байқап көру» жобасы іске асырылмақ. Алдымен шағын айсберг таңдалады да, ол жақынырақ аумаққа, Оңтүстік Африкадағы Кейптаун қаласының немесе Австралиядағы Перту қаласының жағалауына жеткізіледі. Жобаны іске асыру үшін 60 миллион доллар қаржы шығындалады деп есептелген. Осы әрекет сәтті аяқталса, айсбергті Антарктидадан тікелей Біріккен Араб Әмірліктеріне дейін жеткізу операциясы басталмақ.

Ғалымдардың есебінше, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жерасты суларының қоры алдағы 15-25 жыл аралығында толық таусылмақ. Климаты ыстық, құрғақ бұл елге жылына 94 миллиметрге дейін ғана ылғал түседі. Ал ел тұрғындары ауыз су тұтыну көрсеткіші бойынша әлем елдерінің ең алдында тұр. Олар апшыны қуырған аптап ыстықтың әсерінен суды молынан пайдаланады.

Сондықтан бастамашыл топ ойға алынған істі тезірек қолға алуға мүдделі болып отыр. Басқадай тиімді нұсқа жоқ. Өйткені, теңіз жағалауында орнатылған суды тұшытатын 80-нен астам зауыттың жұмысына жылына миллиондаған доллар қаржы шығындалып жатады екен.

«Оның үстіне, осы құрылғылардың бөліп алған тұзы қайтадан теңізге тасталып, оның экологиялық ахуалын нашарлатуда», – дейді ғалымдар.

Оқи отырыңыз: «Расист, русофоб»: сенатор Мұрат Бақтиярұлының Wikipedia-дағы өмірбаянын өзгертіп жүрген кім?

Ал зерттеушілердің есебінше, Антарктиданың мұзды «қалқанында» әлемдегі тұщы судың 80 пайызы сақтаулы. Мысалы, орта көлемдегі бір айсбергтің өзі 76 миллиард литр таза ауыз су береді екен. Арабтарды да қызықтырып отырғаны осы. Олар Антарктидадан айсберг алып отыруды жолға қоймақ ниетте.

Дереккөз: newsroom.kz