Қазақстандық төрт спортшы ұлттық биатлон тобынан шеттетілді. Бұл жағдайға олардың қонақ үйде сауық-сайран құрып, ішімідік ішіп, масқаралануы себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz.
10 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның биатлоншылар одағының қатысуымен тәртіптік кеңес шақыртылыпты. Аталған жиынға одақтың төрағасы Ермек Қизатов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ, ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері қатысқан. Олар Австрияда жаттығып жатқан төрт спортшының олқы қылығын талқыға салыпты.
«Ұлттық құрама құрамынан, республикалық және халықаралық сайыстардан Антон Пантов төрт жылға, Тумар Куц, Владислав Витенко және Роман Еремин бір жылға шеттетілді» делінген ресми хабарламада.
«Олар ел намысын қорғайтын спортшылар болғандықтан, басқаларына үлгі көрсетуі керек. Тіпті, олар халықаралық сайысқа қатысып, я болмаса жай ғана жаттығуға дайындалып жүрсе де ел абыройын төмендететін жағдайдан алшақ болулары міндетті», - деді Қазақстанның ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Елсияр Қанағатов.
Қазақстандық спортшыларға қарсы шағымды Австриядағы қонақ үйдің басшысы түсірген. Оның сөзінше, биатлоншылар қонақ үйдің баспалдағын сындырып, қоқыс лақтырып, бөлмелердің ішіне құсып тастаған. Осы себепті, австриялық азаматша шығынды өтеуді талап еткен.
Ең сорақысы, қазақстандық атлетшілер қонақ үй қызметкерлері мен әкімшілігінің өздерін кінәлай бастаған. Бұған қоса, тәртіптік кеңесте биатлон спортын қаржымен қамтамасыз етуді тоқтату туралы сөз қозғалыпты.