Бразилияда Counter-Strike ойынынан экс-киберспортшы Шайен «shAy» Викторио алаяқ деп танылып, 116 жылға сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ZTB.kz-ке сілтеме жасап.
Викторио интернет-дүкен арқылы алаяқтық жасаған екен. Жұрттың тауарын да жеткізбей, төлеген ақшасын да қайтармай қойыпты. 2013 жылдан 2017 жылға дейін бүкіл Бразилия бойынша 118 клиентті алдап кеткен. Алайда, ол сот үкіміне шағым түсірмек.
Сот 116 жылға соттағанмен, қыз түрмеде сонша жыл отырмас та еді. Себебі, заң бойынша Бразилияда түрме мерзімі 30 жылдан аса алмайды. Оның үстіне, үш рет шағымы қаралғанға дейін бойжеткенді ресми түрде қамауға алуға да болмайды.
Викторио CS:GO ойынындағы кәсіби карьерасын 2019 жылы аяқтаған, содан бері стример болып жүрген.