Бразилия құрамасының бұрынғы ойыншысы Роналдиньо Парагвайға кіру үшін жалған төлқұжат пайдаланды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ABC Color газетіне сілтеме жасап.
Аталған ақпарат көзіне сенсек, сәрсенбі күні кешке спортшы орналасқан қонақүй бөлмесінде тінту жүргізіліп, құқық қорғаушылар Роналдиньо және оның ағасы Робертоның атына жазылған жалған төлқұжаттарды тапқан. Содан екеуі де кеше прокуратураға түсініктеме берді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Роналдиньо Бразилияда салық төлемегені үшін шетел төлқұжатынан айырылған еді. Бұдан басқа, футболшыға өзінің отбасы тұрып жатқан үйдің жанында пирс салып, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 8,5 миллион реал (2,2 миллионнан астам доллар) көлемінде айыппұл салынған.