АҚШ конгресінің екі мүшесі Марио Диас-Баларт және Бен Макадамсқа коронавирус жұққан. Олар респираторлық ауруға шалдыққан алғашқы конгресс мүшелері, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Республикашыл Диас-Баларт мәлімдеме таратып, жұма күні өкілдер палатасындағы дауыс беруден кейін карантинге кеткенін айтты. Ол әйеліне вирус жұға ма деп қауіптеніп, Оңтүстік Флоридадағы үйіне де бармаған. 58 жастағы конгрессменнің айтуынша, сенбі, 14 наурызда кенет дене қызуы көтеріліп, басы ауырған. Кейінірек диагнозы расталған.
Юта штатынан сайланған Макадамстың айтуынша, сенбі күні Вашингтоннан оралғаннан кейін "жеңіл тұмау" белгілері байқалып, жексенбі күні үйде қалып оқшауланған.
Конгресс қызметкерлерінің айтуынша, дәрігерлер Диас-Баларт және Бен Макадамспен араласқан адамдарды тауып, Капитолий ғимаратын дезинфекциялауға кіріскен.
Заң шығару орган өкілдері арасында вирустың таралуы кесірінен конгресстің жұмысы тоқтауы мүмкін. Сәрсенбі, 18 наурызда президент Дональд Трамп әрбір америкалықтың коронавирустан тексерілуге мүмкіндік беретін және соған байланысты жұмыссыз қалғандарды қолдайтын заңға қол қойды. Конгрестің 14 мүшесі науқас әріптесімен кездескеннен кейін карантинге кеткенін мәлімдеді.