10.05.2020, 06:08

Коронавирус жұқтырғандарды орналастырған аурухана өртеніп кете жаздады

Ғимараттан 300 адам эвакуацияланып, 5 адам құтқарылған.

Ресей астанасы Мәскеуде коронавирус індетін жұқтырған адамдарды емдеуге арналған ауруханадан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ресейлік ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Өрт Мәскеудегі С. И. Спасокукоцкий атындағы қалалық клиникалық ауруханадан шықты. Сағат 20:30-да Вучечич көшесінде 21-ші үйде емдеу мекемесінен өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жетті»,-делінген РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәскеу қалалық өкілдігінің баспасөз қызметінің ақпаратында. 

ТАСС агенттігінің дереккөзінің хабарлауынша, өрт ғимараттың бірінші қабатынан шыққан. Онда адамдардың жеке заттары жанып, ғимаратты түтін басып кеткен. Ғимараттан 300 адам эвакуацияланып, 5 адам құтқарылған. Мәскеу мэрінің әлеуметтік даму жөніндегі орынбасары Анастасия Ракованың айтуынша, ауруханадағы 295 пациент 30 минут ішінде түгелдей эвакуацияланды.

«Өртке қарсы дабыл белгісі бірден іске қосылды. Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері жетті. Өрт сөндірілді. Бір пациент мерт болды. Зардап шеккендер жоқ. Пациенттердің барлығы ғимараттың басқа бөлігіне ауыстырылды, кейбірі өзге ауруханаларға жіберілді»,-деді.

Тегтер: коронавирус