Алмазбек Атамбаевтың қамау мерзімі тағы екі айға ұзартылды. Соттың шешімімен Қырғызстанның экс-президенті тергеу абақтысында 15-шілдеге дейін отыратын болды, деп мәлімдеді Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Бірақ Атамбаевтың адвокаты Бішкектегі Первомай аудандық соты «заңға қайшы шешім шығарды» деген пікірде. Осыған дейін адвокат Сергей Слесарев экс-президенттің қан қысымы күрт төмендеп, денсаулығы нашарлағанын мәлімдеген.
Экс-президент пен оның жақтастары жемқорлық және басқа да қылмысқа қатысы бар деген күдікпен өткен жылы жазда тұтқындалған. Бірақ Қырғызстанның күш құрылымдарының Алмазбек Атамбаевты тергеуге күштеп жеткізудің соңы қарулы қақтығысқа ұласқаны әлі күнге дейін ел есінде. Кейін экс-президент құқық қорғау органдарына өз еркімен беріліп, Қой-Таштағы үйінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына қамалған. Сол дүрбелеңнен арнайы жасақтың бір сарбазы мерт болып, 50-ге жуық адам жарақат алған.