21.05.2020, 09:40

Украина билігі Құрбан айт пен Ораза айтқа мемлекеттік діни мереке мәртебесін бермек

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Украинада православтар мен католиктердің Рождество, христиандардың Пасха мен Троица сынды діни мерекелері ғана мемлекеттік мәртебеге ие болып, үкімет деңгейінде тойланды.

Мұсылмандар ерекше қастерлейтін Құрбан айт пен Ораза айтқа Украина билігі мемлекеттік діни мереке мәртебесін бермекші, деп хабарлайды inbusiness.

Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Қырым татарларының өкілдерімен кездескенде мәлімдеді.

«Таяуда мұсылмандардың діни мерекелері – Құрбан айт пен Ораза айтқа мемлекеттік діни мереке мәртебесін беру туралы жарлыққа қол қоямын. Алдағы уақытта Украинада Құрбан айт пен Ораза айт мемлекеттік діни мереке ретінде аталып өтеді», – деді Владимир Зеленский.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Украинада православтар мен католиктердің Рождество, христиандардың Пасха мен Троица сынды діни мерекелері ғана мемлекеттік мәртебеге ие болып, үкімет деңгейінде тойланды.  

«Біз әрбір адам өзін Украинаның азаматы сезінетін мемлекет құрғымыз келеді. Мен әр халық тарихы мен дәстүрін және дінін ұмытпағанын қалаймын. Біз сіздерді тек сөзбен ғана емес, заң жүзінде де қолдаймыз», – деді Украина президенті Қырым татарларының өкілдеріне бағыттаған сөзінде.

Бұдан кейін ол ел астанасында үлкен мешіт салынатынын жариялады.  

«Киевте жаңа әрі үлкен мешіттің құрылысы басталады. Қырым татарларынан мешіт құрылысының жобасын күтемін», – деді Владимир Зеленский.

Біле жүріңіз, Киевтегі алғашқы мешіттің іргетасы 1913 жылы Гоголевский  29 мекенжайында қаланған. Азаматтық соғыс, революция, кеңес одағының орнауы сынды саяси, қоғамдық- әлеуметтік өзгерістер құрылысты тоқтатып тастаған. Қазір бұл жерде жеке үй тұр. 1991 жылы мешіт салу бастамасы қайта көтерілді. Арада 5 жыл өткен соң Киевтің тарихи орталығында орналасқан Щекавица тауының бөктерінен мешіт салуға жер берілді. Халық арасында «Татарка» аталып кеткен жерде мұсылмандардың бейіті бар. Оған ХХ ғасырдың 60 - шы жылдарына дейін мұсылмандар жерленген. Кейін жерлеу рәсімін атқаруға тыйым салынған. «Ар-Рахма»  – «Мейірім» деп аталатын мешіт Киев мұсылмандары мен меценаттарының қаржысына кезең-кезеңмен салынды. 1998 жылы мешіт құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, 2000 жылы күмбезіне ай орнатылды. Содан бері мешітте азан шақырылып, намаз оқылады.   2004 жылы мешітті ислам кешеніне айналдыру туралы шешім қабылданды.  2009 жылы мешіттің 27 метрлік мұнарасы бой көтерді. 2011 жылы желтоқсанда мешіттің құрылысы толық аяқталып, ресми ашылуы ұйымдастырылды. Шараға әлемнің ондаған елдерінің делегаттары қатысты.   «Ар-Рахма»  мешітіне мұсылмандар ғана емес, өзге дін өкілдері де жиі келеді. Олар мешітті аралап, ислам дінінің құндылығымен танысады.