New York Times басылымы жексенбі күні алғашқы бетінде коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдардың аты-жөндері мен некрологтар үзіндісін жариялады. Басылым осылайша індеттен қайтыс болғандарды еске алған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
«АҚШ-та адам өлімі 100 мыңға жуықтады, орны толмас қасірет» делінген алғашқы бетте.
Газеттің алғашқы бетінде басылым дерегі, тақырып және қайтыс болғандардың аты-жөні мен некрологтар үзіндісінен басқа ешқандай мақала жарияланбаған. Газет қызметкерлерінің айтуынша, олар қайтыс болғандардың аты-жөндерін жариялап қана қоймай, некрологтарды да басуды жөн көрген. New York Times редакторлары оларды аймақтық басылымдардан тапқан.
Соңғы ақпарат бойынша, АҚШ-та 98 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болған. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Шамамен 30 мың өлім Нью-Йорк штатында тіркелген.
Соңғы кезде бірқатар штаттарда (арасында Нью-Йорк те бар) коронавирус жұқтырғандар мен вируспен байланысты адам өлімі азайып, билік кейбір карантин шектеулерін алған.
Нью-Йорк штатында сенбі күні 84 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл – соңғы апталармен салыстырғанда, ең төмен көрсеткіш. Эпидемияның шарықтау шегіне жеткен кезде, яғни сәуір айының басында Нью-Йоркте күніне 800-ге жуық адам қайтыс болған.