Илон Масктың SpacX компаниясының «Dragon» ғарыш кемесі Халықтаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жетті. NASA ғарышкерлері Херли мен Беннкен Флоридадан сенбіде ұшқан болатын, деп хабарлайды Qamshy.kz.
Тікелей эфирде ғарыш кемесінің Каспий теңізінен, Қазақстан территориясынан, Байқоңырдың солтүстігінен өткені хабарланды. Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) «Dragon» ғарыш кемесінің бекітілуі Алматы уақыты бойынша сағат 20:16-да болды. Бұл кестедегі уақыттан сәл ертерек.
Қосылу Қытайдың солтүстігі мен Моңғолия шекарасы тұсында 422 шақырым биіктікте болды. Қазіргі мезетте ХҒС мен ғарыш кемесі арасындағы ауа қысымын теңестіру барысы жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұл NASA ғарышкерлерінің АҚШ топырағында 2011 жылдан бері алғашқы ғарышқа ұшуы. 2011 жылдан бері олар ғарышқа Байқоңырдан ұшып келген. Ұшырылым «америкалық ғарыштық бағдарламаның жаңа дәуірі басталған күн» деп сипатталуда.