Дүйсенбі күні АҚШ-тың Иллинойс штатында бір моторлы шағын ұшақтың құлауы салдарынан төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұшақ жергілікті уақыт бойынша шамамен күндізгі сағат 3:45-те, Карлинвилл қаласынан оңтүстікке қарай 4,8 шақырым жерде белгісіз жағдайда құлаған. Жерде апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлады жергілікті шериф Шон Кал. KSDK.com хабарламасы бойынша, әуе апатынан қаза тапқан ұшқыш пен үш жолаушы дос болып, бір университетте оқыған. Жолаушылардың бірі, Даниел Шедд, ұшар алдында ата-анасына ұшақтан селфи жасап жіберген.
Оның әкесі Чарльз Шедд ұшқыш Джошуа Свирс ұшақты таяуда ғана сатып алғанын, бірақ әуе кемесі «тамаша жағдайда» болғанын, барлық қажетті тексерістен өткенін айтты. Чарльз баласы мен достарын әуежайға өзі шығарып салған. Шедд баласының осындай шағын ұшақпен ешқашан ұшпағанын, бірақ достарымен бірге ұшуды тағатсыздана күтіп жүргенін айтты.
Әкесі арнайы қосымша арқылы ұшақтың ұшуын бақылауға әрекет жасаған кезде, одан ештеңе шықпады, Чарльздің баласына жіберген барлық хабарламалары оған жеткен жоқ. Егде жастағы ер адам оған телефон соққан, алайда жауап болмаған. Содан ол жергілікті полицияға хабарласқан. Ұшақтың сынықтары шамамен күндізгі сағат 4:30-да Карлинвилл қаласына жақын жердегі жазық даладан табылды. Дәрігерлер оқиға орнында барлық төрт достың өлімін белгіледі.