Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары үшінші дүниежүзілік соғыстың басталып кеткенін айтып дабыл қағып жатыр
Қытай мен Үндістан шекарасындағы жағдай қайта ушықты. Шекара маңына екі тарап өздерінің әскери күштерін шоғырландыра бастады. Англияның Daily Express басылымының жазуынша бұл шынында да қауіпті жағдай болып отыр. «Әлемге Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі төне бастады» деп жазады аталмыш басылым.
Басылымның мәліметінше, Қытай Халықтық азат ету армиясы Тибеттің таулы аумақтарына заманауи үлгідегі соғыс техникалары мен жойғыш ұшақтар жіберген. Ал Үндістан тарапынан шекара маңындағы Ладах қаласында орналасқан жаяу әскер дивизиясы жедел әрекет ету жағдайына көшіріліп жатқаны байқалған. Сонымен қатар, өзге аймақтарда да дәл осындай әскери жағдайға дайындық шаралары қызу басталып кеткен. «Жер-жерлерде әскери күштердің шоғырлануы байқалады. Өршіп бара жатқан қайшылық ірі әскери қақтығысқа соқтыруы мүмкін», - делінген Daily Express басылымында жарияланған мақалада. Әскери қауіпсіздік саласының мамандары да бұл мәліметті растап отыр. Олардың айтуынша, бұл дайындықтың артында үлкен саяси мәселе жатыр. Бұл бей-жай қарайтын дүние емес. Қытайдың қорғаныс саласы бұл аймаққа жаяу әскер, артиллерия, әуе қорғанысы, авиация күштерімен қоса, химиялық, ядролық және электронды соғыс саласындағы мамандардан тұратын кемінде тоғыз құрама топты орналастырған. Бұл расында да қауіпті. Бұл аймаққа қатысты екі арасында жасасқан келісімнің кез келген сәтте бұзыла салуы мүмкін екенін көрсетеді», - дейді Гонконгтық әскери сарапшы Лян Гуолианг.
Естеріңізде болса, осыдан бір айдай бұрын Үндістан мен Қытай шекарасының түйісер тұсындағы Ғалван өзені бойында шекарашылар арасында қарулы қақтығыс болған. Содан бері жағдай бір тыншымай тұр.
Жалпы Қытай мен Үндістан арасында шешімін таппаған аумақтар өте көп. Екі елдің шекарасы 1890 жылғы «Қытай, Англия, Тибет және Үндістан келісім» атты шекаралық шарт заңдылықтары бойынша бекітілген. Бірақ соған қарамастан, Қытай-Үндістан арасындағы жерге қатысты даулар жиі бой көрсетіп жатады. Осыған дейін төрт бірдей ірі шекаралық қақтығыс болған екен. Алғашқысы 1962 жылғы Ақсай өңірінде болған қақтығыс болса, екіншісі 1967 жылы болған Тибет шекарасына қатысты жанжал екен. Одан кейіншісі 1986 және 1987 жылы болған шекаралық дау. Бұл дау халықаралық деңгейге дейін жетіп әрең басылған болатын.
Б.Нұратай