Бішкектің Первомайский аудандық сотында Бішкектегі Тарихи музей мен Шолпан-Ата қаласындағы ипподромды қайта құруға қатысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабарға сілтеме жасап.
Сот бұрынғы премьер-министр Сапар Исақовты Қырғыз Республикасы ҚК-нің 319-бабының 2-бөлігі бойынша айыпты деп танып, оны 18 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол сот шешімімен 247 млн 650 мың сом көлеміндегі шығынды өтейді.
Қылмыстық істің екінші мүшесі Президент аппаратының азаматтық даму, діни және этникалық саясат бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Мира Карыбаева ҚР ҚК 320-бабы 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, оған 260 мың сом көлемінде айыппұл салынды.
Бұған дейін Свердловский аудандық соты бұрынғы премьер-министр, сол кезде ҚР Президенті аппаратының сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі болған Сапар Исаковты 15 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейді. Сонымен қатар ол дипломатиялық дәрежесінен және барлық мемлекеттік марапаттарынан айырылды. Еске салсақ, Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі 2018 жылы маусым айында қамауға алынған болатын.