21.06.2020, 06:04

«Қауіп төніп тұр»: ДДҰ басшысы коронавирусқа қатысты қорқынышты болжам жасады

фото: interfax.com.ua
Қауіп әлі де сейілген жоқ. Індет әлі де үрей туғызып тұр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус әлем бойынша пандемия қарқын алып бара жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, 18 маусым күні коронавирус жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке жеткен.  Яғни бір тәуліктің ішінде 150 мың адам COVID-19 індетіне шалдыққан. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген дерек.

«Соның тең жартысы Солтүстік және Оңтүстік Америкаға тиесілі. Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыста да жағдай ушығып барады. Дүниежүзі қауіпті кезеңге аяқ басты. Оған шектеулердің алынып тасталғаны, карантин мерзімінің аяқталғаны және жергілікті билік экономикалық қиындықтарды еңсеруге кіріскені себеп», – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы.

Қазіргі кезде жер жаһанда 8 миллион 350 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. 450 мыңнан астамы қайтыс болды. «Қауіп әлі де сейілген жоқ. Індет әлі де үрей туғызып тұр», – дейді Тедрос Адханом Гебрейесус.