Бішкек қаласы Первомайский аудандық соты Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты 11 жыл 2 айға соттап, дүние-мүлкін тәркілеу туралы үкім кесті, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Атамбаевқа сот үкімі "қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі" бойынша шықты.
16 маусымдағы сот отырысында прокурорлар Атамбаевты 15 жылға соттауды сұраған. Сот отырысы жабық режимде өтті.
Сот үкіміне сай, Атамбаев "Данакер", екінші дәрежелі "Манас", "Даңқ", президентке берілетін марапаттардан айырмақ. Сот Атамбаевтың өзінің және жақындарының мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Тәркіленуі тиіс мүліктердің арасында бес көлік, Шу мен Ыстықкөл облысындағы үйлер мен жер учаскелері – барлығы 10 объект бар.
Атамбаевтың иелігіндегі "Медиа Форум", "Форум", "Автомаш-Энерго", "Апрель ТВ" компаниялары да тәркіленбек.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, айыпталушының апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.
Ұлты шешен, Қырғызстан тумасы Азиз Батукаев 2006 жылы 16,8 жылға сотталған. Оған "адам өлтіруге қатысты; заңсыз жолмен қару дайындап, сатты; жаппай бассыздықтар ұйымдастырды" деп айыпталған. Ол 2021 жылы түрмеден шығуы тиіс еді.
Батукаев 2013 жылы Нарындағы түрмеден "денсаулығына байланысты" мерзімінен бұрын босатылған. Дәрігерлердің берген анықтамасында оның "ауыр сырқатқа ұшырағаны" жазылған. Сол кезде ол Бішкектің халықаралық әуежайына жеткізіліп, Грозныйға ұшып кеткен. Кейін Қырғызстанның құзырлы органдары "Батукаев денсаулығына қатысты анықтаманы өтірік жасатып алды, оны босатуға биліктегілер ат салысты" деп мәлімдеген. 2019 жылы Қырғызстанның ІІМ Батукаев ісін қайта тергеген.
Атамбаевқа қатысты бұдан бөлек Кой-Таштағы оқиғаға қатысты "Адам өлтіру", "Кепілге алу", "Бұзақылық", "Билік өкіліне күш қолдану" сынды баптармен де қылмыстық іс қозғалған.
2019 жылы 7-8 тамызда Шу облысы Аламудун ауданындағы Кой-Таш ауылында "Алмазбек Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп жеткізу" операциясы кезінде күштік құрылымдар мен саясаткер жақтастары арасында қақтығыс болған. Ауыр жараланған арнайы жасақ өкілі көз жұмды, бірнеше адам зардап шекті. 200-ден астам адам жараланды.
8 тамызда Алмазбек Атамбаев пен жақтастары билікке өз еркімен берілген. Ол содан бері қамауда отыр.