$ 494.87  520.65  4.91

Иран Украинаның ұшағын қателесіп атқанын мойындады

Ұшақ апатынан бірнеше сағат бұрын Иран күштері "жоғары дайындықта" отырған.

Иран билігі өз қарулы күштері Тегеран әуежайынан 2020 жылы 8 қаңтарда ұшып шыққаннан кейін іле-шала екі зымыранмен атып түсірген Украинаның жолаушы ұшағының апатын тексеру қорытындысы туралы баяндаманы жариялады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

 "Украина халықаралық әуе желісі" компаниясының №752 рейсіндегі ұшақта болған 176 адам түгел мерт болған.

Иран тергеушілері ұшақ апатына дұрыс реттелмеген радиолокация станциясының әуе қорғаныс күштері операторларына қате белгі беруі себеп болған деп санайды. Баяндамада операторлардың әуе қорғаныс күштері басшылығынан ұшақты зымыран атуға сұрамағаны айтылған.

Британдық Guardian басылымы әу баста Тегеранның апатқа ұшақтың "техникалық ақауы" себеп болды деп мәлімдегенін жазады. Бірақ бірнеше күннен кейін Иран билігі ұшақты әскери зымыранмен қателесіп атып түсіргенін мойындады.

Иран азаматтық авиация басқармасы жариялағанн есепте Тегеран маңайындағы әуе қорғаныс күштері жүйесінің операторлары аппаратураны уақытылы ретке келтіріп үлгермегені айтылған. Ұшақ апатынан бірнеше сағат бұрын Иран күштері "жоғары дайындықта" отырған. Себебі соның алдында көрші Ирактағы америкалық әскери базаларды атқылаған Иран АҚШ әскері оған жауап ретінде шабуылдауы мүмкін деп дайындалған.

Guardian жариялаған Иранның ресми баяндамасында апаттың техникалық егжей-тегжейімен бірге ұшақ экипажының Тегеран әуежайынан ұшып шыққан соң хаттамаға сай қимылдап, бекітілген бағыттан ауытқымағаны айтылған.

Украина ұшағындағы "қара жәшіктерді" оқитын аппаратура жоқ болғанына қарамастан Иран оларды әлі бермей отыр. Апат орнынан табылған "қара жәшіктер" 20 шілде күні Францияға беріледі деп хабарлады IRNA агенттігі.

2020 жылы 8 қаңтарда Тегеран маңында Иран күштері әуеден атып құлатқан украиналық ұшақта болған Иран мен Канаданың ондаған азаматы, сонымен бірге Украина, Ұлыбритания, Ауғанстан мен Германия азаматтары да қаза тапқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары