27.07.2020, 09:20

Тәжікстан ауруханаларында бірде-бір дәрігер коронавирустан қайтыс болмаған

Зерттеушілер жалпы коронавирустан қайтыс болуы мүмкін деген 442 марқұмның аты-жөнін жариялады.

Тәжікстанның денсаулық сақтау министрі Джамолиддин Абдуллозода "елде бірде-бір дәрігер коронавирус жұқтырып қайтыс болмады" деп мәлімдеді. Бұл туралы Сentralasian.org хабарлады.

"Ауруханаларда дәрігерлердің науқастардан жұқтырып, қаза болған жағдай тіркелмеді. Бірақ дәрігер де адам, ол көшеде, үйінде, көпшілік ортада жұқтыруы мүмкін", – деді денсаулық сақтау министрі.

Ол елде коронавирус індетіне қатысты жағдай тұрақталғанын, бірақ екінші толқыны болатынын жоққа шығармады.

Азаттықтың тәжік қызметі жеке зерттеу жүргізіп, маусым айының соңында 152 адамның коронавирустан қайтыс болғанын анықтады. Ресми мәлімет бойынша, елде індеттен 52 науқас көз жұмған.

Зерттеушілер жалпы коронавирустан қайтыс болуы мүмкін деген 442 марқұмның аты-жөнін жариялады. Олардың арасында 72 адам медицина қызметкері болған, 67-сі білім беру саласында жұмыс істеген.

Мысалы, бір Хатлон облысында 26 медицина қызметкері қайтыс болған. Ресми құжатта 24-і пневмониядан қайтыс болды делінген. 5 шілдеде Худжанд перзентханасының бас дәрігері көз жұмды.

Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда коронавирус 7060 адамнан анықталды, 58-і қайтыс болды.