Ливан астанасы Бейрут қаласында 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша кешкі алты шамасында теңіз портында үлкен жарылыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Азаттық радиосының жазуынша, ел билігі кем дегенде он адамның қайтыс болғанын, көптеген адамның жараланғанын хабарлаған.
Интернетте тараған видеода жарылыс болған аймақтан қою түтін көрінеді. Апат болған аймақта көптеген ғимарат қираған. Көшеде аударылған көліктер, шағылған терезелер, кірпіш, тастар жатыр. Қалада автокөлік қозғалысы да бұзылды. Қала ауруханаларына жараланғандар көптеп түсіп жатыр.
CNN телеарнасының тілшісінің хабарлауынша, жарылыс аймағынан бірнеше шақырым жердегі үйлердің де терезесі сынған. Тілшілердің сөзінше, CNN арнасының Бейруттағы бюросында жарылыс «жер сілкінісіндей» сезілген.
Жарылыстың себебі белгісіз. Ел үкіметі теңіз портында жарылғыш зат жарылғанын айтады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі жарылыс толқынынан Қазақстанның Ливандағы елшілігінің ғимараты зақымданғанын хабарлады.
«Елшілік қызметкерлері жұмыс уақыты аяқталған соң үйлеріне қайтып кеткен. Жұмыста қалған консул жарылыс толқынынан аздап жарақаттанды. СІМ жергілікті билікпен байланысып отыр. Ливанда жүрген Қазақстан азаматтарына қатысты ақпараттарды тексеріп жатыр» деп хабарлады министрлік.
Жарылыс Ливан үшін өте қиын шақта болды. Елде экономикалық дағдарыс. Бұған қоса, жарылыс БҰҰ-ның трибуналында «10 жыл бұрын Ливанның экс-премьері Рафик Харириді өлтірді» деп айыпталған төрт адамның соты қарсаңында болды. Төрт айыпталушы да «Хезболла» тобының мүшесі. Олар өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады. Сот шешімі жұма шығуы тиіс.
Бейрут қаласында шамамен 300 мыңнан 2 миллионға дейін адам тұрады. Кейінгі 90 жылда қалада халық санағы өтпеген.