Беларусь президенті Александр Лукашенко митингте сөйлеген сөзінде халық алдында тізе бүгуге уәде беріп, сөзінде тұрмаған. Енді президенттік сайлау соңын біржолата «ың-шыңсыз» етіп тынғысы келді ме, қазір Беларусь Қарулы күштері ірі әскери жаттығуға дайындала бастады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, БАҚ мәліметтеріне сүйене отырып.
Беларусь «батькасы» халыққа қарата: «Мен өмірімде алғаш рет сіздердің алдыларыңызда тізе бүгемін», - деген болатын. Сондай-ақ, бұған дейін егер елде қайта сайлау өткізілсе, Беларусь елінің «мемлекет ретінде өлетінін» айтқан. Енді міне, оның сол сөздерінен тайқып шыға келгені – әлем жұртшылығының көз алдында.
Бүгінде Беларусь Қарулы күштеріне тиесілі артиллерия және зымыран күштері 17-20 тамыз аралығында Литва шекарасына жақын маңда ірі әскери жаттығу өткізуге дайындалуда. Ал ол аймақта БелАЭС кешені орналасқан.
«17-20 тамыз аралығында қарулы күштерді дайындау жоспарына сәйкес, «Гожский» және «Неман» әскери полигонында зымыран және артиллерия күштерінің тактикалық ірі жаттығуы іске асады», - делінген Беларусь Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Жаттығу барысында әскерилер белгіленген нысананы жою және дәл соққы беруді пысықтамақ. Ел іші «алатайдай бүлініп» жатқан шақта, қарулы күштерді бүйтіп аяқасты жасақтай қоюдың өзі тегін болмаса керек. Әйтеуір, Лукашенконың сайлаудан кейінгі ереуілге «сыртқы күштердің ықпалы болды» дегені кеше ғана еді...